
Бүгін облыс орталығындағы Көпсалалы онкология және хирургия орталығына өзара ынтымақтастық бағдарламасы аясында Санкт-Петербург фтизиопульмонология ғылыми-зерттеу институтының торакальды хирургі, жоғары санатты онколог Андрей Нефедов пен ОАРИТ бөлімінің меңгерушісі Владимир Ли келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл сапар кәсіби байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға бағытталған. Осы деңгейдегі серіктестік кездесулер қатерлі ісікті диагностикалау мен емдеудің бірлескен тәсілдерін талқылау үшін маңызды.
- Бүгінгі медицина бір орында тұрмайды. Сондықтан дәрігерлер үнемі ізденіс үстінде жүреді. Түрлі жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Біздің орталық алыс-жақын елдердегі әріптестермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Ал Ресейден келген дәрігерлермен осымен екінше мәрте тәжірибе алмасқалы отырмыз. Олар онкологиялық орталық мамандарымен бірлесіп, ота жасайды. Біздегі операциялық блокта заманауи құрал-жабдықтың бәрі бар. Мұның барлығы науқастардың денсаулығы үшін жасалуда, - дейді ШҚО КОжХО директоры Гүлмира Сағидуллина.
Естеріңізге сала кетейік, шығысқазақстандық дәрігерлер Ресейге де екі мәрте барып, тәжірибе алмасып келген. Тағы бес ақ халатты жан Германиядан білім алды. Сол арқылы отандық және өңірлік медицинаның дамуы үшін бірқатар өзгеріс енгізілуде. Мұны көрші мемлекеттің дәрігерлері де тілге тиек етті.
- Өскеменге келгенімізге өте қуаныштымыз. Ауруханада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бөлімшелердің дамып келе жатқанын өз көзімізбен көріп жүрміз. Дегенмен, облыста қатерлі ісікке шалдыққандар саны аз емес. Сондықтан бұл бағытта әлі де жұмыстар жалғасуы керек, - деді жоғары санатты онколог Андрей Нефедов.
Ал Санкт-Петербург фтизиопульмонология ғылыми-зерттеу институтының ОАРИТ бөлімінің меңгерушісі Владимир Лидің айтуынша, Қазақстан мен Ресейде қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың көбі 70-80 жас аралығындағы адамдар.
- Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласының, хирургиялық техника мен анестезиологияның деңгейі өсіп келеді. Қазақстанда радикалды емдеу түрі кеңінен таралған. Сондықтан қорқудың қажеті жоқ. Ең бастысы - халық өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, үнемі тексерістен өтіп отыруы қажет, - дейді ол.
Енді бір апта бойы орталық мамандары ресейлік әріптестерін медициналық мекеме жұмысымен таныстырып, бірнеше ота түрін жасайды. Онкологиялық орталықта торакальды хирургия 2018 жылдан бері қолданылып келеді. Бейне-көмекші торакоскопия шағын инвазивті қолжетімділік арқылы хирургиялық емдеуді жүзеге асырады. Радикалды операция кезінде қатерлі ісік толығымен алынып тасталады. Отадан кейін науқас еуропалық деңгейдегі заманауи жабдықтармен жабдықталған анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жіберіледі. Дәрігерлер тәулік бойы мониторинг жүргізіп, оның денсаулығының жылдам қалпына келуі үшін жағдай жасайды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер