A+ A A-

talgatzhan 51 30-01-2025, 15:10 0

Әлеуметтік желіге тәуелділік: шешім бар ма?

Бүгін / Өзге / Пайдалы

Қазіргі қоғамның өршіп тұрған дертінің бірі – әлеуметтік желілер. Қолына смартфон ұстаған әрбір адам кем дегенде жарты күнін ғаламторға құртады. Ақпарат тасқыны, жалған сұлулық стандарттары, таусылып бітпейтін ленталар адамның санасын жаулап, уақытты ұрлайтын шексіз торға айналғаны қашан? Қазіргі таңда әлеуметтік желіні қолданбайтын жан кемде-кем. Барлығының дерлік бір-бір парақшасы, көретін және түсіретін «трендтері» бар. Ал сол әлеуметтік желіні біз дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Тәуелділіктен қалай құтылуға болады? Бұл мақалада осы сұрақтарға жауап іздейміз.

Әлеуметтік желілердің бастапқы мақсаты шалғайдағы ақпаратты тез алу, қарым-қатынасты жеңілдету болған. Бүгінде ол түрленіп, адамдарды шынайы өмірден алыстатып, кері әсерін тигізуде. Психолог мамандардың айтуынша, тәуелділіктің ең бірінші себебі – бос уақыттың көп болуы. Сол себепті көбісі уақытын әлеуметтік желілерге арнайды екен.

- Әлеуметтік желілер адамға уақытша ғана жақсы сезім сыйлай алады. Кейін адамдардың телефонда көп уақыт өткізуі олардың шынайы өмірге деген қызығушылығын төмендетіп, жалғыздық сезімін тудыруы мүмкін. Соның әсерінен адам жиі стресске, тіпті депрессияға ұшырауы ықтимал, - дейді психолог Анель Жанасылова.

Әлеуметтік желілер ақпаратты тез алмасуда маңызды рөл атқаратыны анық. Дегенмен қазіргі таңда жаман пиғылын көрсететін, ел ішінде алауыздық тудыратын пікірлер мен жалған ақпараттарды жиі кездестіруге болады. Одан бөлек, қазақи құндылыққа кереғар дүниелер де, адамның санасын улап, өзге ағымға әкететін контент те әлеуметтік желілерде өрмекшідей өріп жүр. Бұл тұста ескеретін жайт — желідегі ақпараттың барлығы сүзгіден өтпейді және оған сенетін, алданатын жандар да қоғамда көп. 

- Әлеуметтік желінің эмоциялық тұрақтылықты бұзуынан бөлек, адамның ішкі сезіміне де әсер ететінін айта кету керек. Себебі қазіргі таңда алаяқтарға алданып, психологиялық депрессияға ұшырайтындардың көбісі осы әлеуметтік желілер арқылы ұрынғандар. Олар өздерінің қалай алданып қалғанын білмейді. Яғни, бұл жерде ең бірінші әлеуметтік желілердің әсері болса, екіншіден сол алаяқтардың осы желілер арқылы манипуляция жасауы», - дейді психолог.

Алаяқтықтың дендеп бара жатқаны анық. Оған әлеуметтік желілердің де әсері бар. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2022 жылы алаяқтарға алданып қалғандардың саны 20 мыңға жеткен. Басым көпшілігі әлеуметтік желілер арқылы алаяқтардың құрбаны болған. Ал пайдаланушылар санына келсек, бір ғана Facebook әлеуметтік желісінің ай сайынғы аудиториясы 2,45 миллиард адамды құрайды. Әлемдегі отыз жасқа дейінгі адамдардың 50%-ы, жаңа ғасырда туғандардың 96%-ы әлеуметтік желілерді қолданады. Бұл мәліметтер әлеуметтік желілердің адамдардың күнделікті өмірінде қаншалықты маңызды орын алатынын көрсетеді. Дегенмен олардың шамадан тыс пайдаланылуы психологиялық және әлеуметтік мәселелерге әкелуі мүмкін.

- Әлеуметтік желіге тәуелділікпен күресу үшін ең алдымен уақытты жоспарлау керек. Күнделікті уақытыңызды жоспарлай алсаңыз, әлеуметтік желілерге деген қызығушылық азаяды. Сүйікті хобби арқылы да тәуелділікті азайтуға болады. Мәселен, шахмат ойнау, жүзу, спортпен айналысу. Ең бастысы бос уақытты азайту қажет,- дейді Анель Жанасылова.

Расымен, әлеуметтік желілердің пайдасымен бірге зияны да барын көбіміз ұмытып кетеміз. Сағаттап лентаны қарап, «трендтерді» қайталау басында жақсы көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе жалғыздықтан шаршап, терең күйзеліске түсіп кетуіңіз ықтимал. «Уақыттың бос өткені – өмірдің бос кеткені» деп қазақ халқы айтқандай, бос уақытымызды пайдалы істерге жұмсау әлдеқайда дұрыс әрі өзіміз үшін де қажет дүние. Сондықтан әлеуметтік желінің арбауына түспей, тек орнымен пайдаланайық.

Әдемі Амангелді

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив