«KEGOC» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Өскемен мен Семейдегі жаңа жылу-электр орталықтарын Ресей салуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Еске салайық, бұған дейін Семей мен Өскемендегі ЖЭО-ларды Қазақстан өз күшімен салатыны айтылған еді.
«KEGOC» басшысы осы мәлімдеменің мәнін ашты.
- Семей мен Өскемендегі жылу электр орталығын салуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде қаржыландыру мәселесі де бар. Түрлі қаражат көзі қарастырылып жатыр – өзіміздің қаражат та, ресейлік қаражат та бар. Ресей тарабы үкіметаралық келісім аясында осындай жолды ұсынған. Қазір Ресей тарабымен ақтық шарттарды талқылап жатырмыз. Қаржыландыру көзі туралы түпкілікті шешім шыққан жоқ. Қаржы көзі анықталғаннан кейін әлеуетті ЕРС-мердігерді (жобалаудан бастап іске қосқанға дейінгі жұмыстарды толық мойнына алатын мердігер) анықтауға көшеміз. Мұнда мердігерлікке Ресей тарабынан да, жылу стансаларын салатын халықаралық консорцииумдар да тартылуы мүмкін, - деді ол.
Айтуынша, аталған құрылыстар 2029 жылдың екінші жартысында біту керек.
- Сонда Ресей әлі де ол жобаларға қатыса алады. Ешқандай түпкілікті шешім шыққан жоқ, - деді Нәби Айтжанов.
Пікірлер