
«Cassak» брендінің негізін қалаған шығысқазақстандық кәсіпкер Аяужан Ашимова елімізде сапалы әрі сәнді киім үлгілерінің индустриясын жолға қойды. Өскеменде киім өндірісін қолға алған кәсіп иелері саусақпен санарлық. Кейіпкеріміз бүгінде мемлекеттік қызметпен қатар өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Оның айтуынша, брендтің «Cassak» аталуы да ерекше, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Аяужан ханым, әуелі өзіңізді оқырмандарға таныстыра кетсеңіз?
- Осы уақытқа дейін ақпарат саласында, үкіметтік емес ұйымдар секторында жұмыс істегендіктен, мені көпшілік басқа қырымнан таниды. Бірақ өткен жылы бала күнімде армандаған киім тігу саласына келіп, кәсіп бастадым.
- Кәсіп бастауға не әлде кім түрткі болды? Не үшін киім бизнесін таңдадыңыз?
- Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанға туристердің қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Бірақ осы жаққа келіп, көркем табиғатымызға тәнті болған жұрт өз үйіне қайтарында естелік ретінде балдан басқа ештеңе алып кете алмайды. Сондықтан өңіріміздің көрікті жерлерінің атауы жазылған кеудеше тігіп, туристерге неге бермеске деген ой туды. Жалпы бұл идея жолдасым Бейбітке тиесілі. Ол – үнемі креативті идеялар мен ойларын айтып жүретін көзі ашық, көкірегі ояу жан.
- Брендке «Cassak» атауын берудегі негізгі идея қандай? Жалпы атау нені білдіреді?
- Атауы туралы көп ойландық. «Cassak» деген «қазақ» деген сөз екен. Европада соңғы жылдары табылған көне карталарда біздің ата-бабамыздың жері Кассакия деп белгіленген екен. Содан жанымызға жақын болды. Елімізге келген әр қонақ кеудесіне «қазақ» деген жазуы бар кеудешені мақтанышпен киіп жүрсе, тамаша емес пе?
- «Cassak» брендіне еліміздің қай өңірінен ең көп тапсырыс түседі?
- Қазір брендтің танымалдығын арттыруға көп жұмыс істеп жатырмыз. Себебі бізге дейінгілер бұл өңірде бренд қылып, киім тігіп сатпағандықтан, жұрт дайын киімді көргенде біздің оны бір бөлік матадан тіккенімізге таң қалып жатады. Жұрт «Қытайдан сатып алып, қайта сатпайсыздар ма сонда? Мына рулон матадан тігесіздер ме?» деп тым жиі сұрайды. Негізі біз әлі шағын кәсіпорынбыз. Қазір көбінесе тауарымызды өз өңірімізде, Шығыс Қазақстанда сатып жатырмыз. Бірақ тұтынушыларымыз шетелдегі достарына, құдаларына алады. «Шетелдік азаматтар қазақы шапанымыздың қасиетін түсіне ме? Бұл кісілерге танымына жақын, трикотаждан киім тігіп берші» деп келген адамдар да болды. Осылайша, біздің шағын цехте тігілген киім шетел асып кетіп жатқан жайы бар.
- Бизнесте бәсеке бар ма? Бұл бизнес өзін қаншалықты ақтайды?
- Бизнес болған соң, бәсеке болуы орынды. Әрине, осы салада жүрген жандар бар. Көбі ателье ретінде қызмет көрсетуде. Ал біз цех ретінде ашылып, арнайы тапсырыс алумен қатар, өз киімдерімізді де тігудеміз. Дайын тауарды кез келген сатып алушылар цех ішінде ашылған шоурумға келіп, сатып ала алады. Бизнес заңдылығы бойынша өзін ақтауға белгілі уақыт беріледі. Біз әлі бұл уақытымызға жете қойған жоқпыз. Біраз жұмысызды ұйымдастырып, мата, фурнитура жеткізушілермен серіктестікті ретке қойып үлгердік.
- «Кәсіп түбі нәсіп» демекші, қазақстандық брендке қолдау көрсететін жандар көп шығар...
- Өткен жылыцех орнындағы үй-жай бос жатқан. Идеядан басқа түк болған жоқ. Бүгінгі таңда бұл жерде көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын цех, тауарлар бар. Бір белесті еңсергеніміз осы шығар. Қолдаушылар да бар, бізге сенбейтіндер де бар. Бұл - қалыпты жағдай. Ең бастысы – өзіміздің сеніміміз, өз ісімізге деген махаббатымыз.
- Отандық брендтердің һәм «Cassak» брендінің артықшылығы неде?
- Біз киім тігуге сапалы мата мен фурнитура пайдаланамыз. Бірақ біздің басты артықшылығымыз – әр киімді тіккендегі махаббатымыз. Тігіншілеріміз тігісін мұқият жүргізіп, тексеріп, көңілі толса ғана сатылымға шығарады. Біз өз сатып алушыларымызға мүмкіндігімізше ең сапалы бұйымды ғана ұсынамыз.
- Болашақ бизнес бастаушыларға айтар кеңесіңіз бар ма?
- Бизнес бастығысы келетін, қызығатын адам көп. Бірақ кәсіп ашу үшін дұрыстап есептеп, бизнес процестерін мұқият ойластыру керек. Ол – еріккеннің ермегі емес.
Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ
Фотосуреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер