Бүгін облыс орталығында ұстаздар арасында Өскемен қаласы әкімінің Ашық кубогіне арналған спорттық сайыс салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ашылу рәсімінде шаһар басшысы, ШҚО Волейбол федерациясының Президенті Алмат Ақышов қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
- Жуықта ШҚО Волейбол федерациясының Президенті лауазымына тағайындалдым. Осы ретте айта кететін жағымды жаңалық бар. ҚР Волейбол федарациясының Президенті, ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев мырзаның қабылдауында болдым. Онда Өскеменде волейбол орталығын ашу мәселесі қозғалды. Алдағы 1-2 жылда үлкен орталық іске қосылмақ. Ал бүгінгі турнир - мұғалімдер қауымына деген сыйымыз. Себебі қазақ қашанда ұстазды төрге шығарып, құрмет көрсеткен. Баршаңызға сәттілік тілеймін, - деді Алмат Ақышов.
Волейбол жарысына қала және аудан мектептерінің, колледждерінің ұстаздарынан құралған 20-ға жуық команда келді.
Нәтижесінде 4 орынды №26 орта мектеп (Өскемен), 3 орынды Абай атындағы орта мектеп (Тарбағатай ауданы), 2 орынды №46 орта мектеп (Өскемен) иеленді. Ал 1 орынға Шәкәрім атындағы №1 орта мектептің (Өскемен) командасы лайық деп танылды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет автордікі
Пікірлер