Шығыс Қазақстан облысында атмосфералық ауаның сапасын жақсарту бойынша үшжылдық жоспар бекітілді. Бұл туралы өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов ОКҚ-да өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, экологиялық шараларды жүзеге асыруға 10,5 млрд теңге қарастырылған. Өңірде өнеркәсіп кәсіпорындарымен келісімдер жасалған, бұл экология департаментінің мамандарына зауыт аумағына кез келген уақытта кіріп, шығарындыларды өлшеуге мүмкіндік береді.
- Шығарындылар шектен асқан жағдайда кәсіпорындар өндіріс көлемін азайтуға міндетті. Жақында “Казцинк” металлургиялық өнім шығаруды 20%-ға, ал мырыш өнімдерін шығаруды 50%-ға қысқартты, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сонымен қатар өңірде 25 стационарлық бақылау посты орнатылып жатыр. Олар ластану көздерін жедел анықтап, нақты субъектілерге қатысты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Әкім шығарындылардың негізгі категориялар бойынша бөлінуін айтып өтті: өнеркәсіп кәсіпорындары – 32%, жеке сектор – 10%, автокөліктер – 58–59%.
Шығыс Қазақстанда қатты отынмен жылытылатын 36 мың жеке үй бар. Олардың үлесіне барлық шығарындылардың шамамен 10%-ы тиесілі. Үкімет бұл үйлерді кезең-кезеңімен орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етуге қосу жоспарын жасап жатыр.
Нұрымбет Сақтағанов өңір электр көліктері мен басқа да экологиялық таза көлік түрлерінің инфрақұрылымын белсенді дамытуды мақсат етіп отырғанын, бұл өңірдегі ең үлкен ластану көзі автокөлік шығарындыларынан туындайтын жүктемені азайтуға көмектесетінін атап өтті.
- Мәселе бақылауда. Біз әр бағыт бойынша жүйелі түрде жұмыс істейміз, – деп қорытындылады өңір басшысы.
Пікірлер