Ең көп заң бұзушылық еңбек қатынасы саласына тиесілі, атап айтқанда жалақының уақытында берілмеуі, яғни кешіктірілуі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
- Биыл 10 айдың ішінде мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 306 тексеру жүргізіп, 6 571 еңбек заңнамасын бұзу фактісін анықтады, қазір олардың 80%-ы жойылды. Ең көп заң бұзушылық еңбек қатынасы саласына тиесілі. Атап айтқанда, еңбекақының уақытылы және толық көлемде төленбеуі, еңбек шартын жасамау немесе шарт тәртібінің сақталмауы. Сондай-ақ қызметкерлердің демалыс алу және жұмыстан босату кезіндегі кепілдіктерінің бұзылуы жиі кездеседі, - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, еңбек инспекциясы комитеті басшысының мәлімдеуінше, жыл басынан бері еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша 1,1 мың құқық бұзушылық анықталған.
- Негізгі мәселелер – арнайы киім мен жеке қорғаныс құралдарының болмауы, техника қауіпсіздігі талаптары мен нұсқаулықтардың сақталмауы, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғаларды уақытылы тергемеу немесе оларды жасыру. 10 айдың қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге 3 369 нұсқама беріліп, 428 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды, - дейді министрлік өкілі.
Пікірлер