A+ A A-

talgatzhan 47 Бүгін, 09:10 0

ШҚО-да Майра Бейсекенованың 50 жылдық педагогикалық мерейтойына арналған кеш өтті

Бүгін / ШҚО

Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Үміт» балаларды қолдау орталығының директоры Майра Бейсекенованың педагогикалық қызметіне 50 жыл толуына арналған «Ана болу тағдырыма жазылған» мерейтойлық концерті ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Майра Бейсекенова – еңбегі еленген педагог, Өскемен қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін», «Асыл жүрек» медальдерінің иесі.
- Бала кезімде тергеуші боламын деп ойлайтынмын. Бірақ менің ұстаз болып ойнағанымды көрген анам болашақта мұғалім болатынымды біліпті. Айтқаны дәл келді. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс істеп келе жатқаныма 36 жыл болды. Әр бала үшін жаным ауырады да, қуанады да. Маған ең маңыздысы – олардың адам болып қалыптасуы. Менің ойымша, жаман бала болмайды. Кейде дұрыс бағыт көрсетпеген, жанашырлық танытпаған педагогтер кездесіп жатады. Немқұрайлы ата-аналар да бар. Біз, әріптестеріммен бірге, осы балаларға бар жылуымызды, мейірімімізді беруге тырысамыз. Бүгінгі мерейтой – жай ғана дата емес. Бұл – менің тамаша ұжымыммен өткен 50 жыл, тәрбиеленушілеріммен мәңгілік достық. Бұл – бәріміздің ортақ мейрамымыз, – деді Майра Баймұханқызы.
Орталықтың бірқатар түлегі бүгінде шетелде және Қазақстанда табысты еңбек етіп, шығармашылық пен спортта толағай табысқа жетіп жүр. 
«Үміт» тәрбиеленушілерінің жетістіктері көпшілікке жақсы таныс. Сол себепті концерт бағдарламасына әр жылдары бітірген түлектердің бейнеқұттықтаулары да енгізілді, ал кейбірі арнайы келіп қатысты.
ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Майра Бейсекенованы мерейтойымен құттықтап, еңбегіне ерекше баға берді. 
- Майра Баймұханқызы қызметі тек облысқа ғана емес, бүкіл елге белгілі. «Үміт» орталығы туралы Үкіметте де жылы пікірлер жиі айтылады. Бүгінгі іс-шара – өз ісіне адалдық пен балаларға деген шынайы махаббаттың жарқын үлгісі, – деді Ербол Нұрғалиев.
Сөз соңында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың атынан “Үміт” балаларды қолдау орталығына интерактивті тақта сыйлады. 
Концерт ән және би ұжымдарының әсерлі нөмірлерімен жалғасты.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив