Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Buqаra.kz сайтының тілшісі.
Батыр есімі берілген кентте бүгін ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Аталған шара сондағы “Тоғанас” сауда алаңында ұйымдастырылды. Мұндағы сатылған тауарлар, нарықтағы бағадан біршама арзан. Алаңда саудадан бөлек, аудандағы мәдениет үйінің өнерпаздары келушілерге концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Бал, дәнді-дақылдар, ұн, сүт өнімдері, тауық жұмыртқасы мен бөдене жұмыртқасы сауда сөрелеріне қойылған. Әсіресе ет өнімі жақсы саудаланды.
Ұлан ауданы әкімнің орынбасары Ләзиза Кенжатаеваның сөзінше, бұл жәрмеңке тауар бағасын тұрақтандыруға үлкен әсер етеді.
- Бұл жердегі баға тұрғындардың көңілінен шығып жатыр. Өнімдердің барлығы дерлік табиғи. Қолдан жасалған құрт, ірімшік, май, жұмыртқа және дәнді дақылдардың бірнеше түрі бар. Бастысы халық риза, - деді ол.
Айта кетейік, бұл жерге бес қой, 1 ірі қара еті, 100 келі картоп пен пияз, 120 келі қырыққабат сынды тауар түрлері әкелінген.
- Бүгінгі өтіп жатқан жәрмеңкеге кент тұрғындары риза. Бір көңілден шығатыны - баға біршама төмен. Басқа сауда дүкендеріндегі бағамен салыстырғанда әлдеқайда халыққа қол жетімді. Өзім осында тұрамын. Бүгін ести сала бірден келдім. Көріп тұрғандарыңыздай ұн мен ет жақсы сатылуда. Мен де осылардан отбасыма алдым. Алдағы уақытта осындай жәрмеңкелер көптеп ұйымдастырылғаны құба-құп, - дейді кент тұрғыны Әділет Оралов.
Пікірлер