A+ A A-

talgatzhan 30 6-03-2025, 09:00 0

Тарих пен туризм ұштасқан жер: Зайсандағы ТОП-5 туристік орын

Бүгін / Зайсан / Пайдалы

Ел ішінде «Заңғар Зайсан» аталып кеткен аудан облыстың қиыр шығысында орналасқан. Зайсан қаласының іргесі 1860 жылдары қаланды. Әкімшілік бірлік ретінде 1928 жылы Семей облысының құрамында құрылды. Ал 1939 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысына енді.  Ауддан батысында Тарбағатаймен, солтүстігінде Күршіммен, ал шығысы мен оңтүстігінде Қытай Халық Республикасымен шектеседі.  Зайсанның континенттік климатының әсерінен қыстың саршұнақ аязын да, жаздың аптап ыстығын да сезінуге болады. Жауын-шашынның мөлшері де жазықтан тауға қарай өзгереді екен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Нұрғайни Қабидолдинаның сөзінше, Зайсанның тиімді экономикалық-географиялық жағдайы, табиғи ландшафтының алуан түрлілігі бірқатар туристік маршрутты құруға негіз болып отыр. Сайхан, Сауыр, Мұзтау мұздығы, Маңырақ сынды фауна мен флораға бай биік таулары, Кендірлік, Үйдене, Теректі, Жеменей таулы өзендері, Бозайғыр құмы мен қылқанжапырақты ормандар экотуризмді алға жылжытуға септігін тигізеді. Сондай-ақ «Amazing Zaisan Travel» ЖШС шетелдік туристерді ауданның көз тартар табиғатымен таныстыруды және рұқсат құжаттарымен аң аулауды ұйымдастыруды жүзеге асырады.

«Бәйтерек» сауықтыру орталығы

Табиғаты тамылжыған Сауыр-Сайқан тауының бөктерінде «Бәйтерек» мәдени-спорттық сауықтыру орталығы орналасқан. Онда жатақхана, асхана, монша, дәрігерлік пункт, бассейн, волейбол, баскетбол, бадминтон, футбол алаңы бар. Табиғаты әсем Бестерек қорықшасында атпен серуендеуге жағдай жасалған. 

Мұнда мектеп оқушыларының денсаулығын нығайту мақсатында арнайы бағдарламалар әзірленген. Сондай-ақ ересектердің демалуы үшін де жағдай жасалған. 

 

Зайсан көлі

Ғалымдардың болжамына сүйенсек, Зайсан көлі осыдан 60 млн жыл бұрын Бор дәуірінде тектоникалық қозғалыстар нәтижесінде пайда болған. Сондықтан жағалауы жайпақ Зайсан көлі тектоникалық бөген көлдер типіне жатады.

Оның ұзындығы шамамен 100, ені – 30 шақырым, ал аумағы – 1800 шаршы шақырым, тереңдігі – 8 метр. Мұнда 20-дан астам балықтың түрі кездеседі. Оның ішінде ақбалық, шортан, нәлім, мөңке, алабұға, ақтабан бар, ең бағалысы – таймень балығы.

Аспанда жұлдыздар пайда болғанда Зайсан көлінен сымдардың шуылына ұқсайтын қоңырау үні естіледі. Осыған байланысты ол «Қоңырау сыңғыры» деген екінші атауға ие болған.

Бір ерекшелігі, Зайсан – ең таза көлдердің бірі болып есептеледі. Өйткені көлге қар мен жаңбыр суының әсерінен пайда болған тау өзендері келіп құйылады. Зайсанның жағалауы төмен, тығыз қамысқа толы.

Көлдің суы әлі күнге дейін өз сапасымен ерекшеленеді. Бұл артықшылығы оның жағалауына көптеген туристің қызығуына себеп болды. Туристер Зайсан көліне көбінесе жаз мезгілінде келеді. Ал қараша-сәуір аралығында көлдің бетін мұз басады.

 

Өкей петроглифтер галереясы

Зайсан көлінен оңтүстік-шығысқа қарай 35 шақырым жерде Өкей деп аталатын петроглифтердің кешені орналасқан. Суреттердің жасы неолиттен бастап орта ғасырларға дейін саналады. Петроглифтер галереясы онша танымал емес, бірақ өте қызықты. Мұндағы бейнелер адамға гидсіз де түсінікті, негізінен ата-бабаларымыздың өмірі, аңшылық және басқа да күнделікті өмірі бейнеленген. Айта кетейік, мұнда мыңнан астам сурет бар.

 

Жәнделі батыр қыздың атына қойылған сай

Зайсан ауданындағы Маңырақ тауының Зайсан көліне таяу бір сайы «Жәнделі сайы»  деп аталады. Жәнделі Есенқұлқызы шамамен 1732 жылы Маңырақ қойнауында дүниеге келген.

Ол – қазақ жерін жоңғарлардан азат ету үшін аянбай күрескен батыр қыз. 1750 жылдары басталған қазақ-қалмақ арасындағы Шорға соғысы шиеленіскен тұста Жәнделі батыр асқан ерлігімен көзге түсіп, ел есінде қалған. Өкінішке қарай, Жәнделі жайында жазбаша деректерді қойып, ауызекі әңгімелердің өзі өте аз. Тіпті, мүлдем жоқ деуге болады. Ертеден келе жатқан аңыздар бойынша Жәнделі осы сайда садақтан тиген оқ жарасы меңдеп, қайтыс болған деседі. Сондықтан Маңырақ тауынан басталып, Зайсан көліне дейін созылған сайды халық осы күнге дейін «Жәнделі сайы» деп атайды.

Шілікті қорымы

Бұл – Тарбағатай, Сауыр, Маңырақ жоталарымен қоршалған аңғарда, Зайсан көлінен оңтүстікке қарай 100 шақырым жерде орналасқан ерте сақ қорғандары. Шілікті қорымы республикалық маңызы бар тарих, мәдениет ескерткіштері және Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізбесіне енген.

Б.з.д. бірінші мыңжылдықта Шілікті даласын сақ тайпалары мекендеген. Бұл кезең көне мәдениеттің өркендеген уақытымен тұспа-тұс келеді. Шілікті даласында сақ-үйсін дәуірінің екі жүзден астам ескерткіші бар. Олар көшпенділер мәдениетінен сыр шертеді. Табылған жәдігерлер қатарында қоныстар мен қорымдар, жартас суреттері және тас мүсіндер бар. Жасалған сараптама нәтижелері олардың жоғары сынамалы алтыннан жасалғанын көрсетеді.

Шілікті қорымының басты құндылығы – Еуразияның далалы және таулы аудандарын мекендеген ежелгі көшпелілердің тарихи-мәдени қауымдастығының қалыптасуы және дамуына қатысты деректердің көп кездесуі.

Шілікті қорымынан табылған жәдігерлер тарихи-мәдени үрдістерді қайта қарауға ықпал ететін таңғажайып қазбалар қатарына жатады.

Туризм тұраламау үшін...

Аудан әкімінің орынбасары Нұрғайни Нұрлыбекқызының айтуынша, алдағы уақытта туризм саласын дамыту үшін бірқатар жоба қолға алынбақ.

- Болашақта «Арасан-Талды» учаскесінде емдеу-сауықтыру кешенін ашу, Зайсан көлінің жағалауында туристік жағажай салу, Қара Ертіс өзенінің жағалауында балық аулауға және қайықпен серуендеуге арналған демалыс орнын ашу, Жеменей өзенінде демалыс орнын іске қосу, Шілікті қорғанында ашық аспан астындағы мұражай құру, Сауыр-Сайқан, Манырақ таулары базасында тау туризмін дамыту, сақ қорғандары базасында мәдени-таныстыру туризмін дамытуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда аталған жобаларды іске асыру үшін жеке инвесторларды тарту мен инфрақұрылымды ұйымдастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив