14-16 қазан аралығында Алматы қаласында «Биологиялық қауіпсіздік пен қорғаныс болашағы» атты халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шара Intercontinental қонақ үйінде ұйымдастырылып, оған 20-дан астам елден 150-ден астам сарапшы қатысты.
Конференцияны Халықаралық ғылыми-техникалық орталық (ХҒТО) пен Орталық Азия мен Кавказдағы биологиялық қауіпсіздік қауымдастығы (АКБҚҚ) ұйымдастырды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауы, сондай-ақ GIZ (Неміс халықаралық ынтымақтастық ұйымы) және басқа да серіктестер атсалысты.
Жиын аясында сарапшылар ғылым, технология және жаһандық қауіпсіздік түйісінде туындайтын өзекті мәселелерді талқылады. Жасанды интеллектті (AI) биотехнология мен биоқауіпсіздікті дамытуға қолдану, синтетикалық биология, климаттың өзгеруінен туындайтын қауіптер, деректердің ашықтығы мен қауіпсіздігі – басты назардағы тақырыптар болды.
Іс-шараның ашылуына ХҒТО атқарушы директоры Карина Ангелиева, ҚР СІМ өкілі Арман Байсуанов, АКБҚҚ президенті Дамира Ашралиева және GIZ өкілі Катарина Нидерхут қатысты.
Басты баяндамашылар қатарында АҚШ, Жапония, Франция, Канада, Норвегия, Перу және Пәкістан елдерінің сарапшылары, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Грузия, Украина және Тәжікстаннан келген аймақтық мамандар болды.
Ең маңызды оқиғалардың бірі – ХҒТО үйлестіруімен өткен «AI және биологиялық тәуекелдерді басқару» семинары болды. Оны доктор Стефан Вагнер (IFBA, Канада) жүргізді. Семинар барысында жасанды интеллекттің қос мақсаттағы зерттеулерге әсері, биологиялық қауіптерді болжау мен басқарудағы рөлі, деректер қауіпсіздігі мәселелері көтерілді.
Сонымен қатар, «AI және биотехнологияны демократияландыру» атты форум өтті. Онда технологияға қолжетімділіктің артуы халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми дамуға әсері талқыланды.
Конференция қорытындысы ретінде сарапшылар тобы «Алматыдан Әрекетке шақыру» атты стратегиялық жол картасын қабылдады. Бұл құжат ғылым мен технология саласындағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыруды, биоқауіпсіздікке қатысты халықаралық әріптестікті нығайтуды көздейді.
2025 жылғы конференция биологиялық қару туралы Конвенцияның (БҚК) 50 жылдығы мен ХҒТО-ның Қазақстанда жұмыс істегеніне 10 жыл толуын атап өтті. Бұл еліміздің ғылыми дипломатия мен өңірлік қауіпсіздік саласындағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Пікірлер