
Ауылдағы ақ халаттылардың ахуалы қалай?
2025 жыл Шығыс Қазақстан облысында «Денсаулық сақтау жылы» болып бекітілді. Халықтың денсаулығы түптеп келгенде аймақтағы денсаулық сақтау саласының жайын көрсетеді. Медицинаға арналған жылға үміт көп. Бас ауырып, балтыр сыздағанда бар ауылға бөлінген бір дәрігерді таппайтын шеттегі жұрт абзал жандарға мұқтаж екені бесенеден белгілі. Кей аудандарда тозығы жеткен медицина мекемелеріндегі қызмет көрсету жайы мен ақ халаттылардың кемшіндігі мәселесі тағы бар. Бұл мақалада биыл әр қала, ауданның медицинасын қандай өзгерістер күтіп тұрғандығын сөз етпекпіз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұлан
Ұлан ауданы «Денсаулық сақтау жылына» жүйелі жоспар құрған. Атаулы жылы ауданның медицина саласында едәуір өзгерістер болмақ. «2025 жылы ми, қан айналымының бұзылуын ертерек анықтауға арналған жаңа скрингтік зерттеу ашылады. Бұл жылы репродуктивті денсаулықты қорғауға, әсіресе репродуктивті жастағы әйелдерге ерекше назар аударылады. Аудандық ауруханада тоқсан сайын «Ашық есік күні» акциясы өткізіледі» деп жоспарымен бөлісті аудан әкімдігі.
Сондай-ақ биыл ауданға қарасты Асубұлақ, Привольное және Таврия ауылдарының медициналық мекемелері күрделі жөндеу жұмыстарынан өтеді.
- «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2023 жылы Қасым Қайсенов кентінде 150 адамға арналған емхана құрылысы басталған. Жоба құны – 3,7 млрд теңге. Емхана құрылысы жалғасып жатыр, биыл жылдың соңына дейін ашу жоспарда бар, - деді Ұлан аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Серғазина.
Су жаңа емхана бой көтергелі жатқан ауданда ақ халаттылар кемшін екені анықталды. Ауданда 8 дәрігер, нақты айтқанда, невропотолог, офтальмотолог, отоланинголог, дерматовенеролог, акушер-гинеколог, жалпы практика дәрігері, хирург, анестезиолог-реаниматолог мамандар жетіспейді.
Үлкен Нарын
Қайта құрылғанына бір жылдан астам уақыт өткен Үлкен Нарын ауданы медицина саласына биыл ерекше көңіл бөлгендігі байқалады. Газет редакциясы жіберген сұраухатқа берген жауапта Үлкен Нарын аудандық ауруханасы бірқатар жоспарымен бөліскен. Мәселен, биыл ауданда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын ашу мақсатында аудандық аурухананың терапиялық бөлімі күрделі жөндеуден өткізілмек.
- 2025 жылы аудан бойынша Жаңа-Хайрузовка ауылының фельдшерлік-акушерлік пункті және Үштөбе ауылында жаңа медициналық пункт құрылысын бастау жоспарланған. 2024 жылы 7 қарашада шыққан техникалық қортындыға сәйкес аталған мекемелердің ескі ғиматтары қиратылады, - деді аудандық аурухананың бас дәрігері.
Медицина жылында ауданға қарасты 2 медициналық нысан жөндеуден өтпек. Бұлар – Солоновка ауылының дәрігерлік амбулаториясы және Көктерек ауылының медициналық пункті.
Үлкен Нарын үшін де кадр тапшылығы өзекті мәселеге айналған. Ауданда реаниматолог-анестезиолог және акушер-гинеколог мамандарының жұмыс орындары бос тұр. «Мәселені шешу мақсатында Enbek.kz порталында үнемі өтінім беріледі. Облыстық және басқа да аудандардың мамандарымен келіссөз жүргізілуде» деп түсіндірді аурухана басшылығы.
Шемонаиха
Өткен жылы Шемонаиха ауданына қарасты Волчанка ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталған. Емхана биыл не келесі жылы қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Былтыр ауданда біршама медициналық нысан жөндеуден өткен:
Шемонаиха ауданының аудандық ауруханасы;
Октябрьское ауылының фельдшерлік-акушерлік пункті (есік ауыстыру, қабырғаларды сылау, сырлау. сантехникалық жұмыстар, еден төсеу);
Первомайский кентінің емханасы (қабырғаларды сылау, қасбеттің сыртқы бөлігін бояу);
Красная Шемонаиха ауылының фельдшерлік-акушерлік пункті (қабырғаларды сылау, әктеу, сырлау);
Выдриха ауылының ауруханасы (қабырғаларды сылау, әктеу, бояу);
Рассыпное ауылының фельдшерлік-акушерлік пункті (қабырғаларды сылау, әктеу, сырлау).
Ауданда оториноларинголог, кардиолог, сәулелік диагностика дәрігері, невропатолог, неонатолог, офтальмолог, инфекционист, хирург, онколог мамандан жетіспейді. Мәселені шешу үшін емхана жыл сайын Семей, Өскемен қалаларындағы «Бос орындар жәрмеңкесіне» қатысады екен.
Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер