Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан халқымен кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның айтуынша, Ұлан ауданының агроөнеркәсіптік кешенде, өнеркәсіпте және туризмде даму мүмкіндіктері зор.
- Ауданның 2029 жылға дейінгі даму жоспары бойынша 15,8 млрд теңге бюджет қаражатын және 357,9 млрд теңге жеке инвестициялар тарту жоспарланған. Бүгінде жалпы құны 8,8 млрд теңгені құрайтын жылу оқшаулағыш материалдар зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр, - деді аймақ басшысы.
Бұдан бөлек, тұрғындар республикалық маңызы бар жолдан Митрофановка ауылына дейінгі жолды және Пролетарка ауылы ішіндегі жолдарды жөндеу мәселелерін көтерді.
- Сол үшін аудан әкімдігі Митрофановка ауылына кіреберіс жолды 484,9 млн теңгеге орташа жөндеуге, Пролетарка ауылы ішіндегі жолдарды 154 млн теңгеге жөндеуге сметалық құжаттама әзірледі. Жобаларды келесі жылы жүзеге асыру жоспарланған. Сондай-ақ халық бұған дейін Дубығалы көліне апаратын жолдың жоқтығы туралы айтқан. Аталған көлдің туристік әлеуеті жоғары, алайда Гагарино ауылы арқылы өтетін жолдың жоқтығы ішкі туризмнің дамуын шектеп, аймақтың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Мәселені шешу үшін Дубығалы көліне апаратын жол аудандық маңызы бар жолдар тізіміне енгізілді, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Кездесу барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған басқа да сауалдарын қойып, нақты жауап алды.
Пікірлер