Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде 126 орынға лайықталған Балалар музыка мектебі ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Салтанатты шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
- Мемлекет басшысы мен үкімет тарапынан білім саласын дамытуға үлкен қолдау көрсетуде. Дәл қазір еліміздегі барлық оқу ордасын жайлы, заманауи стандартты деңгейге жеткізу бағытында мектептерді инновациялау мәселесі қолға алынып жатыр. Өздеріңіз куә болғандай, осы музыкалық білім ошағы да күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа беріліп отыр. Бұл жерден талай өнерпаз, білімді азаматтар шығады деп үміттенеміз, сол мақсатта игіліктеріңізге жарасын, - деді Ғани Бектайұлы.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі атынан жаңа оқу орнына микроавтобус сыйланды. Білім беру мекемесі дарынды жастардың кәсіби жолына берік негіз қалап, шығармашылығын шыңдауға арналған барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектепте домбыра, баян, қобыз, қыл-қобыз, виолончель, жетіген, скрипка, флейта, саксофон, гитара, аккордеон, фортепиано секілді аспаптық бағыттармен қатар, хореография және вокал сыныптары жұмыс істейді.
- Жастардың жарқын болашағына жол ашатын өнер ордасының ашылуымен баршаңызды құттықтаймыз! Осы өнер ошағы балалардың шығармашылыққа деген жолдарын ашсын. Түрлі салада, оның ішінде фортепиано, домбыра, скрипка, барлық жағынан өздерінің өнерге деген қабілеттерін шыңдайды, - деді облыс әкімі.
Салтанатты рәсім аяқталған соң қонақтар мектеп ғимаратын аралап, ішкі жағдайымен танысты. Кейін арнайы концерттік бағдарлама қойылып, оқушылар өз таланттарын паш етті.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер