Бүгін О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетикалық манежінде ерекше қажеттілігі бар адамдар арасында жеңіл атлетикадан облыстық чемпионат ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сайысқа Шығыс Қазақстан облысының төрт ауданынан келген спортшылар қатысып, өзара бақ сынауда. Бұл – спорт арқылы шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын, маңызы зор дода. Шара барысында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа бағыттар туралы да айтылды.
– Биылдан бастап ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған бөлімдер ашылып жатыр. Бұл олардың спортқа деген қызығушылығын оятып, физикалық және психологиялық тұрғыда дамуына жол ашады. Мұндай бастамалар болашақ чемпиондардың тәрбиеленуіне негіз болады, – деді ШҚО Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спорт клубының әдіскері Ермек Елемесов.
Жарысқа қатысушылардың бірі – жеңіл атлет Нұржан Құсайынов. Ол бұл спорт түрімен айналысқанына небәрі бір жыл болса да, алғашқы нәтижелерін көрсете бастаған. Бұған дейін Алматыда өткен республикалық жарысқа қатысып, 4 орын иеленген.
– Спорт – менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналған. Жеңіл атлетикаға келгелі бір жылдың ішінде көп нәрсе үйрендім. Қазір жазда өтетін республикалық спартакиадаға қарқынды дайындық жүргізіп жатырмыз. Аптасына алты күн О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетикалық манежінде жаттығамыз. Мақсат – жақсы нәтиже көрсету, – дейді жас спортшы.
Мұндай жарыстар ерекше жандардың әлеуетін танытып, оларды қолдауға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып отыр.
Ұлжан СЕЙТІХАНОВА
Фотосурет автордікі
Пікірлер