A+ A A-

talgatzhan 31 7-05-2025, 11:30 0

Ұлан ауданында Батырлар аллеясы ашылды

Бүгін / Ұлан

Бүгін Қасым Қайсенов кентіндегі Батырлар аллеясында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты – патриотизмді нығайту, тарихи шындықты сақтау және Қазақстан халқының Ұлы Отан соғысындағы ерліктерін жас ұрпаққа жеткізу.

Шара басталар алдында Қасым Қайсеновке арналған мурал ашылып, Батырлар аллеясының алаңында соғыс жылдарындағы әндер шырқалды. Бұл сәт рухани бірлік пен ризашылықтың ерекше атмосферасын қалыптастырды. Салтанатты рәсім Әнұранның орындалуымен және облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың құттықтау сөзімен ашылды.

– Мемориалдық стелла Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлеріне арналған. Бұл – біздің тарихымызға деген құрметтің, батыр бабаларымызға шексіз тағзымның белгісі. Мұнда Отан қорғаушы жас сарбаздар да қатысып отыр. Олар батырлардың ерлігіне лайық болуы керек. Ал қазақстандықтар бейбіт күннің батырлары болып, еңбегімен Отанға деген сүйіспеншілігін дәлелдеуі тиіс.

Ұлан өңірі – тарихта есімдері алтын әріптермен жазылған тоғыз Кеңес Одағының Батыры мен бір Халық Қаһарманының туған жері. Олардың арасында аты аңызға айналған партизан, жазушы, жерлесіміз Қасым Қайсенов бар. 

Облыста батырлардың есімін ұлықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл Ұлан ауданында алты ескерткіш жаңартылып, Қасым Қайсеновке арналған мурал салынды. Бұл жұмыстар – өткенге деген құрметіміздің айқын көрінісі және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды құралы. Біз Батырлар аллеясы халықты рухтандырып, жас буынды Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелейтін киелі орынға айналады деп сенеміз, – деді облыс әкімі.

Шараға Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің ұлы Болат Қайсенов қатысты. Салтанатты шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аймұхамет Бәкімбаев сөз сөйледі. Іс-шара Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алумен аяқталды.

Айта кету керек, бұл оқиғаның маңызы тек жергілікті халық үшін ғана емес, Отан тарихын қастерлейтін барша азаматтар үшін зор. Ол Отан қорғаушылардың ерлігі мен жанқиярлығын еске салады, олардың ерлігі болашақ ұрпаққа үлгі болып қала бермек. 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив