
Бүгінде елде медицина, металлургия және инженерия саласы қарқынды дамып келеді. Ал осы саладағы тың жаңалықтар мен жетістіктер ғылымға сүйеніп жүзеге асып жатыр. Сондай серпінді дамудың алдыңғы шебінде тұрған – Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Қорғаныс және функционалды жабындар» зертханасы. Бұл зертхана 2024 жылдан бері ресми түрде жұмыс істеп, ғылыми зерттеулер арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Газет тілшісі зертхана жетекшісімен сұхбаттасып, олардың қазіргі жобалары, ғылыми жаңалықтары, жаңа технологиялардың жұмыс істеу принциптері және болашаққа жоспарлары туралы сұрап көрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Зертхананың негізгі бағыты қандай?
- Біз орталық ретінде 2024 жылдың сәуір айында өз жұмысымызды қолға алдық. Бірақ негізі 2023 жылдан бері команда жинап, жоба ұтып алып, соның шеңберінде ғылыми зерттеу жасаған болатынбыз. Орталықтың негізгі бағыты – әртүрлі салаларда қолданылатын бөлшектерді қорғайтын немесе соған өзгеше функционалдық қасиеттер беретін қабаттар, жабындылар әзірлеу.
- Орталықта қанша адам жұмыс істеп жатыр?
- Бүгінде 12 адам жұмыс істейді. Оның барлығы жастар. Бакалавр, магистр, докторант студенттер бар.
- Биыл қандай жобалар қолға алынды?
- Қазіргі таңда осы орталық шеңберінде 6 ғылыми жобамен айналысып жатырмыз. Жобалар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қаржыландырылады. Жалпы соммасы 1,4 млрд теңге болатын зерттеулер жасаудамыз.
- Импланттың шар тәрізді басын өңдеудің жаңа әдісі пациенттерге қандай артықшылық береді?
- Біріншіден, бізде жасалып жатқан жобалар биомедицина саласындағы материалтанулық зерттеулер екенін атап өткен жөн. Екіншіден, адамға имплант салынған кезде оған адамның үйренісіп кетуі үшін белгілі бір уақыт өтуі керек. Оның үстіне имплантты салу үлкен тәуекел. Себебі ол адамға жақпай қалған жағдайлар да кездеседі. Яғни біз жасап жатқан зерттеулер осындай мәселелерді шешу бағытында.
- Аса жоғары жылдамдықтағы доғалы металдандыру технологиясы қалай жұмыс істейді?
- Газтермиялық бүрку ғылыми бағыты бойынша 2 технологияны дамытып жатырмыз. Оның бірі – ауа плазмалық бүрку, екіншісі – электро доғалы металдандыру. Бұл агроөнеркәсіпте қолданылатын бөлшектердің тозуға қарсы қасиетін жоғарылатуға бағытталған. Технологияның артықшылығы – арзандылығында. Сонымен қатар ток арқылы қосылып жұмыс істейді.
- Жобаларды жүзеге асыруда қандай қиындықтар кездеседі?
- Кадр жетіспеушілігі мәселесі болмаса, басқа жағынан ешқандай қиындық жоқ.
- Ғылыми жаңалықты өндіріске енгізу үрдісі қалай жүреді?
- Менің ойымша, қазір жасап жатқан жобаларымыз енді ғана басталды. Сондықтан өндіріске енгізу жағын әлі ойластырмадық. Оған біраз уақыт керек. Өндіріске тек сынақтан өткізу үшін береміз. Сол сынақтан өтіп жатса, өндіріске қолданысқа беруге дайынбыз.
- Шетелдік зертханалармен немесе университеттермен ынтамақтастық бар ма?
- Әрине, бар. Ғылым - жалғыз адамның жетістігі емес, ол бүкіл ғылымды сүйетін жандардың бірлескен еңбегінің жемісінен туады. Біздің шетелдік серіктестіктеріміз бар. Мысалы, Финляндия, Польша, Түркия елдеріндегі бірқатар университетпен олардың профессорларымен тығыз байланыстамыз. Сонымен қатар, PlasmaScience ғылыми өндірістік компаниясымен, Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ, Семейдегі Шәкәрім атындағы университетпен серіктестік қарым-қатынас ұстанамыз.
- Сұхбатыңызға көп рахмет!
- Сізге де рахмет! Ғылымды бірге дамытайық!
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер