A+ A A-

talgatzhan 45 4-06-2025, 13:00 0

Аянның алдын орайтын кім бар? Өскеменде «Қазақстан» тауына жаппай жүгіруде велоспортшы топ жарды

Бүгін / Спорт / Өскемен

Мемлекеттік рәміздер күніне орай Өскемен әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарына арнап «Қазақстан» тауына жаппай жүгіру шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл спорттық іс-шараға 100-ден астам адам қатысып, жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлініп жарысты: 18-39 жас, 40-59 жас және 60 жастан жоғары қатысушылар. Сайыс таңғы 09:30-да салтанатты түрде басталып, бір сағатқа жуық уақытқа созылды. Қатысушылар қала символына айналған «Қазақстан» тауының биігіне көтеріліп, күш-жігері мен төзімділігін сынға салды. Жарыс соңында Мемлекеттік Әнұран шырқалып, үздік атанған қатысушылар марапатталды. Жеңімпаздарға медальдар мен мадақтама қағаздарын қала мәслихатының төрағасы Александр Светаш пен қала әкімі аппаратының басшысы Азамат Қарағызов табыстады.

Азамат Қарағызов өз сөзінде Мемлекеттік рәміздер күнінің маңызына тоқталып, бұл шараның елге деген сүйіспеншілікті арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға зор ықпал ететінін атап өтті.
— Бұл мереке – халқымыздың тәуелсіздігі мен бірлігін бейнелейтін ерекше күн. Жаппай жүгіру – тек спорттық шара ғана емес, Отанға деген құрметтің, патриоттық рухтың көрінісі. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын, — деді ол.
Жарыс жеңімпаздарының арасында ерекше көзге түскен — Аян Қасымов. Ол 18-39 жас аралығындағы топта қатарынан екінші жыл жеңімпаз атанып отыр. Негізгі бағыты велоспорт болса да, Аян тауға жүгіруде де үздік нәтиже көрсетіп келеді. Биыл ол 5 минут 45 секундта межеге жетіп, өзінің өткен жылғы нәтижесін жақсартуға аз ғана қалды.
— Мен үшін спорт — өмірімнің ажырамас бөлігі. Бүгінгі жүгіріс те соның дәлелі. Барша жерлесімді спортпен шұғылдануға және белсенді өмір салтын ұстануға шақырамын, — деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар қатысушылардың төзімділігі мен ептілігін шыңдап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға сеп болады. Іс-шараға қатысқан қала тұрғындары мен қонақтар спортшыларға қолдау білдіріп, мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив