A+ A A-

talgatzhan 31 28-07-2025, 11:20 0

Ұлан ауданында қазақ күресінен халықаралық турнир өтті

Бүгін / Ұлан / Спорт

27 шілдеде Асубұлақ кентінде Халық қаһарманы Қасым Қайсеновті еске алуға арналған қазақ күресінен халықаралық ашық турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Ауқымды спорт додасына Қазақстанның әр өңірінен, Моңғолия мен Ресейден жалпы саны 150-ден астам балуан келіп, өзара белдесті. Жарыс - тек күш сынасатын алаң ғана емес, батыр баба рухына тағзым етіп, ұлттық спорт мәртебесін биіктеткен ерекше рухани-спорттық шара болды.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімдігіндегілер, спорт және мәдениет саласының өкілдері, Қасым Қайсеновтің балалары мен ауыл тұрғындары қатысты.
- Жарысқа 8 команда, 150-ден астам қатысушы келді. Жас ерекшелігіне тоқтала кетсек, 23 жасқа дейінгі жастар арасында 8 салмақ дәрежесі, ал ересектер арасында өгіз палуан (84 келіге дейін) және түйе палуан (84 келіден жоғары) сынды салмақтар бойынша балуандар белдесті, – деді ШҚО Күрес Федерациясының төрағасы Қайрат Мазкенов.
Жарысқа қатысушылардың дайындығы да жоғары деңгейде.
- Біз Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданынан осы сайысқа 9 палуан алып келдік. Дайындық жақсы. Нағыз бапталған, шыныққан спортшыларды қатыстырып жатырмыз. Қасым Қайсенов атамызды еске алуға арналған бұл турнир жоғары деңгейде өтіп жатыр деп айта аламын, – деді Ақмола облысынан келген жаттықтырушы Жанай Ибраев.
Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Кешкісін көрермен үшін арнайы мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Сахна төрінде Ұлан аудандық мәдениет үйінің әртістері мен Кенжебек, Руфат Маратұлы, Апош Сарбаз, Серікбол Сайлаубек, “Алас” этно-фольклорлық ансамблі, Нұргүл Мыңғатова сынды өнер жұлдыздары өз өнерін паш етті. Мәдениет саласының үздігі, Асубұлақ ауылының тумасы Айжан Мазкенова да туған ауыл сахнасында ән шырқады.
Шара соңында мерекелік отшашу атылып, тұрғындарға ерекше әсер сыйлады.
Осылайша, бұл турнир – ұлттық спорттың абыройын асқақтатқан шынайы спорт мерекесіне айналды.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив