A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 10:20 0

Жарық мәселесі шешілмей тұр: Герасимовкада электр қуатының жиі өшуі тұрғындарға қолайсыздық тудыруда

Бүгін / Өскемен / Өзекті мәселе

Өскемен қаласына таяу орналасқан ауылдардың көбісі инфрақұрылымдық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Әсіресе жарық пен ауызсу тапшылығы - шешімін ұзақ жылдар бойы таппай келе жатқан түйткілдердің бірі. Герасимовка ауылын да бұл мәселе айналып өтпеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ауа райы қолайсыз болған кезде жарықтың жиі сөніп қалуы қалыпты жағдайға айналған. Кей кездері тіпті апталап электр қуаты болмай, тұрғындар қараңғыда қалып қояды. Редакция тілшісі Герасимовка ауылына арнайы барып, жергілікті тұрғындармен тілдесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Герасимовка ауылы Шығыс Қазақстан облысына қарасты Ұлан ауданының құрамындағы Төлеген Тоқтаров ауылдық округіне кіреді. Қазіргі таңда онда 1391 адам тұрады, оның 562-сі мектеп жасындағы балалар. Бұл ауыл халқының едәуір бөлігін балалар мен жасөспірімдер құрайтынын көрсетеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, электр қуатының жиі өшуі әсіресе көктем мен жаз мезгілдерінде жиілеп кетеді. Күн күркіреген, жауын-шашынды немесе қатты жел тұрған күндері жарық апта бойына берілмей қалатын жағдайлар да болған. Мұндай кезде тұрғындар тұрмыстық техника мен интернет желісінен уақытша ажырап, күнделікті тіршіліктері едәуір қиындай түседі.

- Орталық көшеде жарық үнемі болады. Ал мына бұрынғы Набережная көшесінде жиі сөніп қалады. Бізде жарықтың жиі өшетіні ешкімге жасырын емес. Мысалы, осы шілденің басында жарық 2-3 күн бойы болмады. Алайда соған қарамастан, ешкім ресми түрде шағымданған жоқ. Бізде тұрғындардың бәрі қосылған ортақ чат бар, соған бәрі жаза бастады. Халық наразылық білдіріп, шулағаннан кейін ғана жарықты қосып берді. Шынын айту керек, мұндай жағдайлар бұрын да жиі қайталанатын. Жыл сайын, әсіресе жазда немесе жауын-шашынды күндері жарықтың сөніп қалуы үйреншікті жағдайға айналған. Соңғы уақытта сәл саябырсығандай болғанымен, толық шешімін тапты деуге келмейді, - деді Татьяна есімді тұрғын.

Электр қуатының тұрақсыздығы тек тұрғындардың күнделікті тұрмысын ғана емес, ауыл ішіндегі шағын кәсіпкерлік саласына да айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр. Жарық сөнген сәттерде дүкендердегі тоңазытқыштар тоқтап, ішіндегі азық-түлік бүлініп кетеді. Әсіресе сүт өнімдері, ет және мұздатылған тағамдар жарықсыз бірнеше сағат тұрған күннің өзінде жарамсыз болып шығады. Мұндай жағдайлар қайталана берген соң кәсіпкерлердің шығыны көбейіп, табыс орнына зардап шегіп жатқанын айтуда. Ауылда бизнестің ауқымы онсыз да шектеулі екенін ескерсек, бұл жергілікті кәсіп иелері үшін үлкен қауіп. Кейбір сатушылар мұндайда шығынды өз қалтасынан өтеп, тауарды жаңартуға мәжбүр болады.

- Мен өзім Герасимовка ауылында тұрмаймын. Қаладан келіп, осында жұмыс істеп жүрмін. Дегенмен, жарықтың аяқ астынан сөніп қалуы мені де әбігерге салды. Ондай сәттерде дүкендегі тоңазытқыштағы азық-түлікті уайымдап, не істерімізді білмей қаламыз. Егер жарық дер кезінде қосылмаса, мұздатқыштағы өнімдердің бәрі еріп, жарамсыз болып қалады. Ал бұл біз үшін тікелей шығын. Мысалы, жақында мен ауылға бір аптаға кетіп қалған едім. Сол уақытта жарық өшіп қалған сияқты. Менің орныма дүкенде қалған сатушы қыз қайта-қайта хабарласып, жағдайды баяндап, не істеу керектігін сұрап отырды. Бірақ ол сәтте қолдан келер ештеңе болмады. Мұндай жағдайлар жұмысты қиындатып қана қоймай, кәсіпті жүргізуге де кедергі келтіріп отыр, - дейді дүкен сатушысы.

Жарық мәселесі ауылдағы білім беру сапасына да кері әсерін тигізіп отыр. Электр қуаты жиі өшетіндіктен, оқушылар кешкі уақытта үй тапсырмаларын орындауда қиындық көруде. Қараңғыда майшам немесе телефон шамымен сабақ қарау - тек көздің көру қабілетіне зиян емес, сонымен қатар баланың оқу процесіне деген ынтасын да төмендетеді. Көптеген ата-аналар балалардың жарық болмағандықтан уақытылы дайындала алмай, сабақты үстірт қарайтынына алаңдаулы. Қазіргі заманғы білім жүйесі түрлі онлайн ресурстарды, цифрлық платформаларды талап етеді, ал жарық болмаған кезде интернет те, компьютерлер де жұмыс істемей қалады. Мұндай жағдай оқушылардың білім деңгейіне тікелей әсер етіп, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты одан әрі арттырып отыр.

- Мысалы, менің екі балам мектеп оқушысы. Олар кешке үй тапсырмасын орындау үшін жарық қажет. Ал жарық сөніп қалса, телефонның шамымен отырады. Бұл көзге де зиян, бала да дұрыс дайындала алмайды. Оның үстіне, біз қазір интернетке тәуелді өмір сүріп отырмыз ғой. Онлайн сабақтар, тапсырмалар, тіпті жаңалықтар мен байланыс – бәрі электр қуатына байланысты. Бір-екі сағат емес, кейде күндеп болмай қалады. Бұл шынымен де өте қиын, - дейді ауыл тұрғыны Айгүл Ахметова.

Ауылдағы жағдайға байланысты редакциямыз Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновқа ресми сауалхат жолдады. Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, көктем және жаз мезгілінде жарықтың жиі сөніп қалуына найзағайдың электр сымдарына түсуі, қатты жел мен құрылғылардың суға тиюі себеп болады. Электр желілерінің жұмыс істеуіне «БЭСК» АҚ жауапты. Герасимовка, Казачье және Хутор Землянки ауылдарына - сол жағалаулық бөлімше, ал Украинкаға - Таврия бөлімшесі қызмет көрсетеді.

- 2025 жылы тұрғындардан бұл мәселеге қатысты ресми шағымдар түспеген. Егер электр қуаты жоспарлы түрде өшірілетін болса, «БЭСК» АҚ бұл туралы ауылдық округ әкімшілігіне алдын ала хабарлайды, ал әкімдік әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарды ақпараттандырады. Сондықтан жарыққа қатысты нақты мәселелермен тікелей «БЭСК» АҚ-ға жүгінген жөн, - делінген жауапта.

Ауыл тұрғындары көтерген мәселе бойынша біз әкімдік нұсқаған жауапты мекеме - «БЭСК» АҚ-ға ресми сауалхат жолдадық. Компания өкілдері хатты алғандарын растап, сұрақтарға жауап беру мерзімін 17 қыркүйекке дейін ұзартты. Редакциямыз «БЭСК» АҚ-дан ресми жауап түскен соң, бұл мәселе бойынша қосымша материал жариялайтын болады.


Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив