
Үстел теннисіндегі үздіктер арасында жүлде алып жүрген Ақерке Игисинованың өмір жолы өзгеше, ерік-жігері ерек
Спорт – адам өмірін шыңдайтын, қайсар мінез қалыптастыратын үлкен мектеп. Әсіресе, үстел теннисі сияқты ептілік пен төзімді талап ететін ойын адам бойында табандылық, жылдам ойлау қабілеті мен жеңіске деген жігерді оятады. Бір қарағанда жай ғана ойын болып көрінгенімен, уақыт өте ол адамның өмір салтына айналып, үлкен жетістіктерге жетелеуі әбден мүмкін. Мақала кейіпкері Ақерке Игисинова ментальдық бұзушылығы бар спортшылар арасында әркез жүлде алады. Ал оның спортқа деген қызығушылығы әншейін әуестіктен басталып, кейін жарыс жолындағы жарқын жеңістерге ұласқан. Бүгінде ол үшін үстел теннисі – бос уақытты қызықты өткізу ғана емес, достық пен еңбекқорлықты дәріптеп, жетістікке жетелейтін өмірлік ұстаным, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қай жерде туып-өстіңіз?
– Семей қаласында дүниеге келдім. Балалық шағым Аягөз қаласындағы балалар үйінде өтті. Кейінірек тағдыр жолым Риддер арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына алып келді. Дәл осы жерде спортқа, әсіресе үстел теннисіне деген қызығушылығым оянды.
– Үстел теннисіне қалай келдіңіз?
– Ең әуелі сол орталықтағы өзім құралпас қызмет алушылармен бірге үстел теннисін ойнап көрдім. Басында жай қызығушылық болса, кейін бұл спортқа деген құлшынысым артып, жаттығуды күнделікті дағдыға айналдырдым. Алғашқы жарысым да осы орталықта өтті. Өз арамызда өткізілген жарыста бесінші орын алғанмын. Ол кезде жеңіс емес, тәжірибе жинау маңызды болды.
– Қазір қандай жетістіктеріңіз бар?
– Бірнеше маңызды жеңістерімді ерекше атап өтер едім. Қазақстан Республикасының тірек-қимыл аппараты зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасындағы VII Спартакиадада, жұптық сында (WD–22 сыныбы) I орын, жекелей сында (11 сынып) III орын алдым. Бұл жарыс 2025 жылдың маусым айында Өскемен қаласында өтті. Шығыс Қазақстан облыстық спорт клубының ашық турнирінде үстел теннисінен I орын иелендім. (Өскемен қ., мамыр 2025 ж.) Special Olympics Kazakhstan ұйымдастырған Қазақстан Чемпионатында шаңғымен эстафеталық жарыста (4 × 500 метр) III орын бұйырды. (Щучинск қ., 6-7 наурыз 2025 ж.) Сонымен қатар, 2024 жылдың қыркүйегінде Астанада өткен зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасындағы республикалық турнирде жекелей сында II орын, жұптық жарыста III орын алдым. Ең үлкен қуанышым – биыл маусым айында Өскеменде өткен VII Спартакиадада «Спорт шебері» нормативін орындадым. Бұл – спорт жолындағы ең маңызды жетістігімнің бірі.
– Спорт сіздің өміріңізге қандай өзгеріс әкелді?
– Үстел теннисімен айналысқаннан бері жеңіске деген құлшынысым артты, өмірге деген көзқарасым да өзгерді. Бұрын өзімді жай ғана орталықтағы қызмет алушы ретінде сезінсем, қазір өзімді спортшы ретінде көремін. Спорттың арқасында Астана, Шымкент, Өскемен қалаларында болдым. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе.
– Жаттығуларыңыз қалай өтеді?
– Бізде орталықта үстел теннисі үстелі бар, достарыммен күнде ойнаймыз. Директорымыз жаңа ракеткалар мен үстел алып берді. Сонымен қатар бізді Риддер мен Өскемендегі теннис орталықтарына жиі апарып тұрады. Жаттығуларым әрдайым жоспарлы түрде өтеді: таңертең жүгіріп, денеге арналған жаттығулар жасаймын, тренажер залында жаттығамын.
– Бапкеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.
– Менің жаттықтырушым – Александра Игоревна. Ол маған әрқашан бағыт-бағдар беріп, үстел теннисіндегі түрлі тәсілді қалай дұрыс қолдану керегін үйретеді. Қай жаттығудың пайдалы екенін айтып, қателерімді түзетіп отырады. Мен үшін ол тек жаттықтырушы емес, спорттағы ең басты ұстазым.
– Қарсыластарыңыздың ішінде ерекше есте қалғандары бар ма?
– Иә, әрине. Менімен қарсылас болған Ақкөл орталығының Тоня есімді спортшысы бар. Ол үстел теннисін өте жақсы ойнайды. Оны Қазақстандағы басты қарсыласым деп есептеймін.
– Спорт тек жарыс қана емес, жаңа таныстықтардың бастауы ғой?
– Дұрыс айтасыз. Спорт арқылы бірнеше жақсы қызбен танысып, дос болып кеттік. Жарыс кезінде қарсылас болсақ та, одан тыс уақытта жақсы араласамыз.
– Алдағы басты мақсатыңыз қандай?
– Арманым – шетелде өтетін жарыстарға қатысып, ел намысын қорғап, жүлделі орындарға қол жеткізу. Қазірдің өзінде 2026 жылы ақпан айында Щучинск қаласында өтетін шаңғы жарысына дайындалып жатырмыз.
– Жас спортшыларға айтар кеңесіңіз бар ма?
– Ең бастысы – сабырлылық. Жеңіс те, жеңіліс те спортшының өмірінде қатар жүреді. Сондықтан қандай жағдай болса да, байыппен қарап, алға ұмтылу керек. Меніңше, спортшының басты қасиеті – төзімділік пен еңбекқорлық.
***
Өмір жолын үлкен спортпен байланыстырған кейіпкеріміздің әңгімесі көпке үлгі. Ерекше жандардың табандылығы мен қайсарлығы – кез келген адамға жігер береді. Бүгінгі жетістік – ертеңгі үлкен жеңістердің бастауы. Ал біздің спортшының асқақ армандары орындалатынына сенім мол. Ақеркенің спорттағы алғашқы қадамы аздаған қызығушылықтан басталғанымен, уақыт өте ол биік жетістікке жетеледі. Бүгінде әуесқой теннисшіден кәсіби спортшыға айналып, үздіктер қатарынан көрініп жүргендер аз емес. Солардың ішінде талмай жаттыққан, қажымай ізденгендер ғана жеңіс биігін бағындырды. Солардың бірі Ақерке. Ақеркенің болашағы жарқын, алар белестері көп болсын!
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Фотосурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

{calendar}
Пікірлер