Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Berel» аруларының жаттығуын көріп, спортшылармен кездескен сәтінде мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Командалық спорт түрлері соңғы жылдары тәп-тәуір нәтижелер көрсетіп келеді. Футбол, волейбол, хоккейді алсақ та, жерлестер республика көлемінде үнемі үздіктер қатарында. Осы жолы өңір басшысы Жекпе-жек сарайында өткен дайындықты тапжылмай отырып тамашалады. Қысқасы, волейболшыларға биылғы маусымда зор үміт артытылып отыр. Клуб директоры Бауыржан Қазидің сөзінше, жергілікті жастарды даярлауға басымдық беріліп жатыр. Ал бас бапкер Владимир Васович әлемдік деңгейдегі маман.
Нұрымбет Сақтағановтың сөзінше, ішкі чемпионаттарда қыздар өте жақсы ойын көрсетіп, мықты ойыншы екендерін танытып жүр.
– Бірінші айналым қорытындысы бойынша Ұлттық лигада олардың үшінші орынды иеленіп отырғандары — еңбектің, төзімнің және шынайы кәсібиліктің нәтижесі. Шығыс әрқашан өз спорттық дәстүрлерімен танымал. Волейбол – біз үшін жай ғана ойын емес, бұл – аймақ мәдениетінің бір бөлігі, ұрпақтарды біріктіретін қуат пен командалық рух, – деді аймақ әкімі.
Нұрымбет Аманұлы әсіресе балалар мен жастар арасында осы спорт түріне деген қызығушылықтың артып келе жатқаны қуантатыны жеткізді.
– Волейболды дамыту үшін барлық жағдай жасалатын болады. Келер жылы Өскемен қаласында заманауи волейбол орталығының құрылысы басталады. Бұл нысан спортшылар мен жанкүйерлер үшін жаңа тартылыс нүктесіне айналмақ. «BEREL» командасына сәттілік, өздеріне деген сенімділік және тек жеңіс тілеймін, – деді әкім.
Пікірлер