
Өскеменде интернет-алаяқтар көбейіп барады: полиция не дейді?
Ғаламтор дамыған сайын айласын асырып, жұртты алдап жүргендер азаймай отыр. «Аңқау елге арамза молда» демекші, көп адамның сенгіштігін пайдаланып, түрлі қулыққа баратын алаяқтардың әрекеті қоғамды алаңдатуда. Осы мәселе төңірегінде Өскемен қалалық Полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары Азамат Шотпановпен сұхбаттасқан едік.
– Жыл басынан бері Өскемен қаласы бойынша қанша алаяқтық дерегі тіркелді?
– Шамамен 900-ге жуық алаяқтық фактісі тіркелді.
– Алаяқтықтың қандай түрлері Қылмыстық кодексте қарастырылған?
– Интернет арқылы жасалатын алаяқтық ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 2-бөлігі, 4-тармақшасында көрсетілген. Сонымен қатар, жақында заңнамаға «дропперлік» ұғымы енгізілді. Қылмыстың ауырлығына және қайталануына байланысты әртүрлі жаза түрлері қарастырылады.
– Қалада алаяқтардан ең көп зардап шегетіндер кімдер?
– Көбіне 45 жастан асқан тұрғындар. Үлкен кісілер бұрынғыдай бәріне сеніп қалады. Дегенмен профилактикалық жұмыстардан кейін мұндай жағдайлар азайып келеді. Ал жастар көбіне онлайн сатып алу немесе инвестициялық жобалар арқылы алданып жатады. Әсіресе, «банк қызметкерімін» немесе «сіздің атыңызға сәлемдеме келді» деген сынды жалған хабарламаларға сеніп қалатындар бар.
– Алаяқтардың ең жиі қолданатын әдісі қандай?
– Ең кең тараған тәсіл – телефон арқылы қоңырау шалып, «сіздің атыңызға сәлемдеме келді» немесе «шотыңызда күдікті операция тіркелді» деп сендіреді. «Ақшаңызды қорғау үшін сізге код жіберіледі, соны айтыңыз» дейді. Бұл – бірінші қоңырау. Кейін екінші рет хабарласып, өздерін полиция немесе банк өкілі ретінде таныстырады. «Сізге алаяқ хабарласты, код айттыңыз ба?» деп сұрап, сенімге кіріп, қайтадан код сұратады. Бірінші код – банктегі өтінімді растау, екіншісі – сол операцияны бекіту үшін қажет код. Осылайша олар азаматтың шотынан несие рәсімдеп, депозиттегі ақшасын шешіп алады. Әдетте мұндай әрекеттердің 80–90 пайызы басқа елдерден жүзеге асырылады, сондықтан оларды анықтау қиын.
– Алаяқтықтың жалпы қанша түрі бар?
– Түрі өте көп: интернет арқылы, телефон арқылы, жалған инвестициялық платформалар, онлайн саудадағы алаяқтық және тағы басқалары. Қазір заман өзгерген сайын олардың әдістері де түрленіп отыр.
– Егер адам алаяқтардың құрбаны болса, ең бірінші не істеуі керек?
– Ең бастысы – уақыт жоғалтпай дереу полицияға хабарласу қажет. Қазір полиция мен банктер арасында тәулік бойы байланыс орнатылған. Жәбірленуші хабарласқан сәтте оның ақшасы түскен есепшот анықталып, бірден бұғатталады. Бұрын банкке ресми сұраухат жіберіп, рұқсат күту керек болатын, сол кезде ақша басқа шоттарға өтіп кететін. Қазір бұл процесс жеңілдеді. Ақша бұғатталғаннан кейін қылмыстық іс аясында оны қайтару мүмкіндігі бар. Әрбір арыз міндетті түрде қабылданады.
– Биылғы тоғыз айдың қорытындысында, өткен жылмен салыстырғанда алаяқтық фактілері азайды ма, әлде көбейді ме?
– Бұл сұраққа нақты көбейді немесе азайды деп айту қиын. Себебі алаяқтар әрдайым жаңа тәсіл ойлап табады. Бұрын «карта нөміріңіз өзгерді» дегенге сенетіндер көп болса, қазір ондайға ешкім алданбайды. Бірақ олар күнделікті өмірге бейімделген жаңа айла-тәсілдер қолдануда.
– Өскеменде жыл басынан бері қанша алаяқ ұсталды?
– Егер қылмыс Қазақстан аумағында жасалса, оларды анықтау мүмкін. Бірақ көп жағдайда алаяқтар шетелде, әсіресе Ресей мен Украинада отырады. Нөмірлері де басқа елдің байланыс желісіне тиесілі. Сондықтан табу қиын. Дегенмен дропперлер ұсталып жатыр, мемлекетаралық деңгейде алаяқтыққа қарсы келіссөздер жүргізілуде.
– Тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең бастысы – өзіңіздің жеке мәліметтеріңізді ешкімге жария етпеңіз. Банк қызметкерлері, полиция немесе байланыс операторлары ешқашан телефон арқылы жеке ақпарат сұрамайды. Күдікті қоңырау түссе, сөйлеспей, дереу полицияға хабарласыңыз. Эмоцияға берілмеңіз, сабыр сақтаңыз. Егер алданып қалғаныңызды түсінсеңіз, уақыт оздырмай дереу құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Көп жағдайда алаяқтар қазақстандық нөмірлерден хабарласпайды, бұл да ескеретін жайт.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер