
Өскемендік Нұрдәулет Азаматұлы үстел теннисінен Грузияда өткен жарыста топ жарды
Жалпы, үстел теннисінен жерлестеріміз жаһандық жарыстарда жүлдесіз қайтпаған, аймақ абыройын асырып жүр әркез. Солардың жарқын үлгісі – 13 жастағы Нұрдәулет Азаматұлы. Ол Грузияда өткен халықаралық турнирде бірінші орынды жеңіп алды. Бұл жарыста 12 елден келген жас спортшылар бақ сынасты. Нұрдәулет үстел теннисімен небәрі 3 жыл айналысып келеді. Дегенмен, қысқа мерзім ішінде осындай жоғары нәтижеге жетуі – оның табандылығы мен қажырлы еңбегінің айқын көрінісі. Оның жеңісі тек жеке спортшының ғана емес, өңір мен ел спортының мерейін асыратын маңызды оқиға. Жуықта Нұрдәулеттің жаттығуын тамашалап, асықпай әңгімелесіп қайтқан едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Үстел теннисімен айналыса бастағанына қанша уақыт болды? Бұл спорт түріне қалай келдің?
– Қазір спорт мектебінде оқимын. Жалпы тенниспен айналысқаныма шамамен үш жыл болды. Бұл спорт түріне ең алғаш әкемнің ықпалымен келдім. Ол мені кішкентайымнан салауатты өмір салтына баулып, спортқа деген қызығушылығымды оятты. Сол сәттен бастап тенниске шын көңілмен кірістім. Алғашқы қадамдарымда қиындықтар болғанымен, жаттықтырушыларымның қолдауы мен жүйелі еңбектің арқасында шеберлігімді жетілдіре алдым. Қазір өз ойынымды үнемі дамытып, түрлі жарысқа қатысып, жақсы нәтижелер көрсетуге тырысып жүрмін. Теннис мен үшін тек спорт емес, ерік-жігер мен табандылықты қалыптастыратын өмірлік мектепке айналды.
– Бұл жарысқа қалай дайындалдың? Дайындық қанша уақытқа созылды?
– Дайындық кезеңі өте қарқынды әрі нәтижелі өтті. Жарысқа тыңғылықты дайындалуға көп уақыт жұмсадым. Жаттықтырушыларым әрдайым қолдау көрсетіп, менің техникалық және физикалық дайындығымды жетілдіруге көп еңбек сіңірді. Тіпті Грузияға барған кезде де жаттығуларымды тоқтатпай, өз бетімше дайындықты жалғастырдым. Осы еңбектің бәрі маған үлкен тәжірибе беріп, өз-өзіме деген сенімділігімді арттырды.
– Сен қатысқан халықаралық турнир туралы айтып берші – қанша күнге созылды, қандай елдер қатысты?
– Грузияның Батуми қаласында өткен дода бір аптаға созылды. Бұл жарысқа 12 елден спортшылар жиналды. Олардың қатарында Түркия, Армения сияқты теннис деңгейі жоғары, тәжірибелі елдердің өкілдері де болды. Тәжірибелі спортшылармен қатарласа өнер көрсету мен үшін үлкен тәжірибе әрі өз күшімді сынап көруге тамаша мүмкіндік болды. Турнир барысында көптеген жаңа дос таптым және басқа елдердің ойыншыларымен тәжірибе алмастым.
– Сен үшін жарыстың ең қиын кезеңі қайсысы болды? Неліктен?
– Ең қиын кезең – 1-ші және 2-ші орынға таласу болды. Яғни финал. Себебі қарсыласым өте мықты, тәжірибелі спортшы еді. Жалпы, мен бұл турнирде 11 елдің спортшысымен кездесіп, әр ойында бар күшімді салдым. Соңғы матч мен үшін ерекше есте қалды. Ол Түркия елінен келген мықты теннисшімен өткен шешуші кездесу еді. Жеңіске жету оңай болған жоқ, бірақ табандылық пен дайындықтың арқасында қарсыласымды жеңіп, өз мақсатымa қол жеткіздім. Бұл сәт менің өмірімдегі ең әсерлі және мақтанышқа толы тәжірибелердің бірі болды.
– Жеңімпаз болған сәтте қандай сезімде болдың?
– Жеңіске жеткен сәт мен үшін ұмытылмас болды. Өте қатты қуандым – бұл сезімді сөзбен жеткізу қиын. Ең алдымен ата-анама хабарласып, қуанышыммен бөлістім. Олар мені мақтан тұтатындарын айтып, жылы лебіздерін білдірді. Жаттықтырушыларым да қуанып, “Жарадың, еңбегің ақталды!” деп құттықтады. Сол сәтте кеудемді ерекше бір мақтаныш сезімі кернеді. Өйткені мен тек өзім үшін емес, елім үшін, көк туымызды шетелде желбіреткенім үшін қуандым. Бұл жеңіс маған үлкен мотивация беріп, жаңа мақсаттарға жетеледі.
– Бос уақытыңда немен айналысқанды жақсы көресің? Үстел теннисінен бөлек хоббиің бар ма?
– Бос уақытымда музыка тыңдағанды қатты ұнатамын – ол мені тыныштандырып, жаңа күш береді. Сондай-ақ, бұрын каратэмен де айналысқанмын. Бұл спорт түрі маған тәртіп пен шыдамдылықты үйретті. Кейіннен оны уақыттың тығыздығына байланысты тастап кеттім, бірақ сол кезеңнен алған тәжірибем мен үшін әлі де бағалы. Қазір барлық уақытымды тенниске арнап, сол бағытта өзімді дамытып жүрмін.
– Үлгі тұтатын спортшың бар ма? Ол саған несімен ұнайды?
– Мен үлгі тұтатын спортшылардың қатарында Тайпэй елінің өкілі Ленин Джоу, Қытайдан Ваучокинг және жапон теннисшісі Томоказу Харимото (Кадерано) бар. Олардың ойын мәнері, еңбекқорлығы және әр матчтағы табандылығы мені шабыттандырады. Әсіресе, олардың жеңіске деген жігері мен өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысы маған үлкен мотивация береді. Мен де болашақта сол сияқты мықты спортшы болуға тырысамын.
– Сабақтан жиі қаласың ба? Мұғалімдер ренжімей ме?
– Иә, сабақтан көп қалатын жағдайлар болады. Кейде ұстаздарым да ренжіп жатады. Бірақ мен оларға жарыстарға қатысатынымды алдын ала ескертемін. Олар менің спортқа деген қызығушылығымды, алға қойған мақсатымды түсінуге тырысады. Ал мен өз кезегімде сабақ пен спортты үйлестіруге бар күшімді саламын.
– Жарыс алдында өз-өзіңе қалай сенімділік бересің?
– Жаттығуды күннен-күнге көбейтемін және әр сессияда барынша сабырлық сақтап, фокусты тек жаттығуға аударамын. Жаттықтырушым да әрдайым жігер беретін сөздер айтып, мотивацияны арттырады. Осының бәрі менің шеберлігімді арттыруға, техникамды жетілдіруге және жарыстарда жақсы нәтиже көрсетуге көмектеседі. Әрі сенімділік береді.
– Күнің қалай өтеді? Сабақ пен жаттығуды қалай үйлестіріп жүрсің?
– Негізі, сабақ пен спортты үйлестіру мен үшін аса қиын емес. Таңертең жаттығуға қатысып, түстен кейін сабаққа барамын. Ең бастысы — тәртіп пен уақытты дұрыс басқару. Сол арқылы мен екі істі де тиімді атқарып, өз мақсаттарыма жетуге мүмкіндік аламын.
– Күнделікті қанша уақытыңды жаттығуға арнайсың?
– Аптасына 5 күн дайындық жүргіземін. Әр күні 3-4 сағатымды жаттығуға арнаймын. Бұл жүйелі еңбек мені физикалық тұрғыдан шынықтырады, техника мен стратегияны жетілдіруге көмектеседі.
– Осы спортпен айналыса жүріп, басқа қалалардан жаңа достар тапқан боларсың? Жалпы, жарыс кезінде есіңде қалған қызықты оқиғалар бар ма?
– Иә, теннис арқылы көптеген дос таптым. Дегенмен, басында әркімді қарсылас ретінде көресің, сондықтан бірден дос болу қиынға соғады. Қызықты оқиғалар да көп, бірақ дәл қазір бәрі есіме түсіп тұрған жоқ. Жалпы, теннистің өзі қызыққа толы спорт түрі. Кейде ойын жүрмей жатып, ыңғайсызданып қалатын сәттер де болады. Бірақ сондай сәттер де ойынның бір бөлігіне айналып, тәжірибе жинауға көмектеседі. Спорт арқылы тек шеберлігімді дамытып қана қоймай, қызықты сәттер мен ұмытылмас естеліктер де жинап жүрмін.
– Тенниспен айналысу қаншалықты қиын? Толығымен үйрену үшін қанша уақыт кетеді?
– Тенниспен айналысу соншалықты қиын деп айта алмаймын. Егер шын қызығушылық пен үйренемін деген ниет болса, бәрі мүмкін. Ең бастысы – дайындықты күшейту және жақсырақ дайындалу. Техника мен ойын тактикасын толық меңгеру үшін бір жыл немесе одан аз уақыт кетуі мүмкін, ал негізгі дағдылар мен ойын ережелерін тез үйренуге болады. Сондықтан теннис кез келген адам үшін қолжетімді әрі қызықты спорт түрі.
– Алдағы уақытта тағы қандай жарыстарға қатысқың келеді?
– Халықаралық чемпионаттарға көбірек шыққым келеді. Алда Астанада жақсы жарыс күтіп тұр. Бүгінде дайындық үстіндеміз.
– Болашақта қандай мамандық иесі болғың келеді? Спортпен кәсіби түрде айналысқың келе ме?
– Менің арманым – дәрігер болу. Бір жағынан бұл мамандық арқылы адамдарға көмек көрсетіп, халыққа өз пайдамды тигізгім келеді. Екінші жағынан, дәрігерлік қызметтің қаржылық тұрғыдан да тұрақты болатыны мені қызықтырады. Ең бастысы, менің болашақта кәсібім мен қоғамға пайдалы істерді үйлестіретін маман болуым.
– Жас спортшыларға, өзің сияқты балаларға қандай кеңес берер едің?
– Спортпен көбірек айналысса деймін. Спорт тек денені шымыр етіп қана қоймай, ойыңды да анықтауға көмектеседі. Оқыса, білім алса, дағдыл мен қабілеттерді дамытудан жалықпаса, нәтижеге жетуге болады. Сол арқылы кез келген қиындыққа төтеп бере алатын мінез-құлық пен табандылық қалыптастыра аласыңдар. Спорт пен білім қатар жүрсе, өмірде сенімді қадам басуға мүмкіндік береді.
Сұхбат соңында жас спортшының жаттықтырушысымен сөйлескен болатынбыз. Ол алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Халықаралық турнирге дайындық қалай өтті? Ең қиыны не болды?
– Турнирге дайындық жоғары деңгейде өтті. Ең қиыны мықты қарсыластар. Дегенмен дайындықтың жақсы болуына орай жеңісті жұлып алдық.
– Спортшының келесі мақсаттары мен жоспарлары қандай? Қазір қандай жарыстарға дайындалып жатырсыздар?
– Астанада жақсы жарыс болғалы жаты. Жүлделері де жақсы. Дәл қазір соған дайындық жүргізілуде.
«Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысар» демекші, ата-ананың балаға деген сенімі оны үлкен белестерге жетелейтіні анық. Осы орайда Нұрдәулеттің әкесімен де тілдескен болатынбыз. Азамат Слямхановтың айтуынша, ол жарыс алдында баласына үнемі қолдау көрсетіп, жігерлендіреді.
– Жарыс алдында баламды барынша қолдауға тырысамын. Ұйқысы дұрыс болуы үшін оны ерте жатқызамын. Таңертең дұрыс тамақтануына мән беремін. Енді ол спортшы болған соң, оған ауқатты, энергия беретін тамақ қажет. Физикалық жаттығуларына да назар аударамын. Сондай-ақ «Сен жеңесің, сенің қолыңнан бәрі келеді» деген жігерлендіретін сөздерді жиі айтамын, – дейді ол.
Нұрдәулеттің әкесінің айтуынша, баласының тенниске келуіне өзі себепші болған.
– Мен өзім теннисті жақсы ойнаймын. Сол үшін баламның қызығушылығы оянды деп ойлаймын. Үйде теннис шариктерді ракеткамен соқтырып үйреттім, кейін жаттығуларын ұйымдастырдым. Сөйтіп оны Теннис орталығына апардым. Балам жеңіске жеткенде қатты қуандым. Марқайып қаласың, «ондай жеңістер көп болса екен» деп тілейсің, – деді Азамат Слямхан.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
 
    {calendar}
 
             
     
    
Пікірлер