A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 09:50 0

«Әр көрші шамасы жеткенше ақша жинады»: Өскемендегі шағын аудан тұрғындары өз күштерімен көпір салып шықты

Бүгін / Өскемен / Сұхбат

Өскемен қаласындағы 20-шағын аудан халқы өз күштерімен көпір салып, кейін оны жөндеп шықты. Әкімдікке жалтақтамай, кәсіпкерлерден де көмек сұрамай бірлесіп ақша жинастырып, құрылыс жұмыстарын да өздері жүргізді. Осы ретте істің басы-қасында жүрген шағын аудан тұрғыны, Ауған соғысының ардагері Қыдырғазы Баймұратовты әңгімеге тартып көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

- Көпірді өз күштеріңізбен салу идеясы қалай келді?

- Біз тұрып жатқан Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы Әл-Фараби даңғылында көлік кері бұрылатын жер жоқ. Сатбаев даңғылынан Қан орталығына дейін 2 жарым шақырым жүреміз, сосын кері бұрылып, қайта осында келеміз. Яғни, бұл 5 шақырымдай жол. Күніне төрт-бес мәрте жүреміз. Бұл біршама уақытты алады, жанармай шығынын да көбейтеді. Қазір оның үстіне жанармай бағасы да бұрынғыдай емес.
Сол себепті осында көпір саламыз деп шештік. Сөйтіп, халық болып ақша жинастырып, қажетті материалдарды алып, бір жыл бұрын осы шағын көпірді тұрғыздық. Көпір негізінен жеңіл көліктерге арналған. Бірақ онымен жүк көліктері де жүре бастады. Одан кейін жақында Есенберлин даңғылы мен Әл-Фараби көшесінде веложарыс болған еді. Жарыс кезінде жолды Сатбаев даңғылына дейін жауып тастады. Қалаға шыға алмай қалған жұрт біздің көпірмен жүріп кетті. Соның салдарынан плиталар сынды. Тұрғындармен жиналып, ақылдасып, Республика күні қарсаңында көпірді арматуралап, қайта жөндедік.

 

- Құрылыс жұмыстары қанша уақытқа созылды және қанша тұрғын қатысты?

- Былтыр көпірді 1 күннің ішінде салып бітірдік. Ал осы жолы жөндеген кезде де бір күн ғана кетті. Барлығы 20-ға жуық адам ақша жинап, өз үлесін қосты. Ал құрылыс жұмыстарын 7 адам жүргізді.

 

- Құрылыс барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?

- Қиындық болған жоқ. Қазір ақша болса кез келген материалды сатып алуға болады ғой. Қалаған техникаңды да жалға ала аласың. «Байлық байлық емес, бірлік - байлық» дейді ғой қазақта. Жұмыла әрекет еткен көршілеріміздің ауызбіршілігінің арқасында еш қиындық сезілмеді.

- Бұл іске тек тұрғындар ғана қатысты ма, әлде кәсіпкерлер де көмектесті ме?

- Жоқ. Ешқандай кәсіпкерге қолқа салмадық. Тек өзіміз ғана ақша жинастырдық.

 

- Сонда көпірді салғанға және жөндегенге қанша ақша кетті?

- Былтыр көпірді салуға 600 мың теңге жұмсадық. Бұл сомаға құрылыс материалдары мен техниканы жалға алу ақысы кіріп отыр. Ал жөндеуге тағы көршілерімізбен 20 мыңнан жинастық. Әр адам шамасы жеткенше берді. Жағдайына байланысты қоса алмағандарға да түсіністікпен қарадық.

 

- Көпірді күтіп-ұстау немесе жөндеу жұмыстарын ары қарай да өз күштеріңізбен істейсіздер ме?

- Иә. Өз көпірімізді ары қарай да өзіміз күтіп-ұстаймыз деп отырмыз.


- Неліктен дәл асар дәстүрі бойынша әрекет етуді жөн көрдіңіздер? Бүгінгі күні адамдардың бұл көне дәстүрге деген көзқарасы қалай деп ойлайсыз?

- Асар - ерте заманнан келе жатқан дәстүр, атадан қалған асыл салт. Алайда оны бүгінгі заманда көп ешкім біле бермейді. Жыл өткен сайын игі дәстүріміз ұмытылып барады. Біз сияқты жасы жетпіске таяп қалғандар бала күнінде асар жасап, бір-біріне көмектесіп жатқандарды көріп өсті ғой. Ауылдағы талай үй солай салынды. Біздің 20-шағын ауданда бір топ белсенді азамат бар. Солар өзара кеңесіп, сосын осындағы мұқым халықпен ақылдасып, асар жасаймыз деп шештік.


- Сіздің шағын ауданыңыздың тұрғындары абаттандыру, мерекелік шара өткізу сияқты басқа мәселелерде де осындай белсенді ме?

- Иә. Сенбіліктерге шығып, көшелерімізді тазалап тұрамыз. Мерекелер кезінде де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарамыз. Мәселен, Ұлыстың ұлы күнін өз шағын ауданымызда атап өтеміз. Биыл үшінші жыл қатарынан тойладық. Киіз үй тігіп, дастархан жайып, концерт ұйымдастырамыз. Ән мен биден шашу шашылып, ұлттық киім киіп келген дүйім жұрт бір серпіліп қалады. Оған да қаражатты ешкімнен сұрамай, ел болып өзіміз жинаймыз.


- Қазір жергілікті билікпен қарым-қатынастарыңыз қалай?

- Билік қашан көпір салып береді деп тосып жүруден шаршадық. Сөйтіп, өзіміз іске кірісіп кеттік. Десе де әкімдікпен қарым-қатынасымыз жаман деп айта алмаймын. Бізге бірнеше көшеге асфальт салып берді. Автобусты да іске қосты. Басқа да мәселелерімізді айтып барып тұрамыз.


- Сөз соңында жерлестеріңізге айтарыңыз?

- Біздің өз күшімізбен көпір салып шыққанымызды көрген жұрт ой түйіп, Үкіметке жаутаңдай бермей, еліміздің дамуына тамшыдай болсын өз үлестерін қосады деп сенемін. Әр адам шама-шарқы жеткенше Отанымыздың өркендеуі жолында еңбек етсе деген тілегім бар.


Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ

Фото: Лашын ЖӘРДЕНБЕК

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив