«Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында демалыс базаларын салу, киіз үйлер, жылқылар мен түйелер сатып алу үшін 17 жоба қаржыландырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Лязиза Кенжетаеваның сөзінше, жыл сайын ауданға келетін туристер саны артып келеді.
- Биыл «Багратион» шипажайы 80 млн теңгеге 40 орынға кеңейтілді. Шыбындыкөлде «QaiMaq Resort» ЖШС демалыс базасының кезең-кезеңімен құрылысы жүргізілуде. Былтырдан бастап ауданда қысқы туризм де дамуда. Шалқар көліндегі мұз айдынына келушілердің саны жыл сайын артып келеді. Коньки тебуді ұнататындарға ыстық шай беру, жылы киіз үйлер құру, конькиді жалға беру, мұз айдынын қардан тазалау, ойын-сауық іс-шараларын өткізу сияқты бастамалар қолға алынуда, - деді Лязиза Кенжетаева.
Туризмді дамыту жоспарында Жоғарғы Тайынты ауылының маңында бақылау алаңын орнату және жайлы демалыс базаларын салу қарастырылған.
- Туризмді дамытудың негізгі құрамдас бөліктері ретінде инфрақұрылым, жол, байланыс, қауіпсіздік, жол бойы сервистері, тамақтану және қызмет көрсету сапасы қарастырылады. Осы бағыттар бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Шалқар көлі жағасындағы муниципалдық жағажайға апаратын кірме жол жөндеуден өтті. Шыбындыкөлге дейінгі жол грейдерленді. Дубығалы көліне, 1-ші және 2-ші Сібе көлдеріне апаратын жолдарды жөндеу жоспарлануда, - деді әкімнің орынбасары.
Биыл ауданда жол бойы сервисін дамыту мақсатында 5 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды.
Ал қазан айында Бозанбайда бесінші дәстүрлі халықаралық «Шығыс салбурыны» фестивалі өтті. Іс-ашараға Қазақстанның әр өңірінен, Ресей, Қытай, Испания, Венгрия, Моңғолия және Қырғызстаннан келген 148 бүркітші және 10 мыңнан астам көрермен келді.
Пікірлер