Өңірде құтқарушылар су айдындарындағы қауіпсіздіктің алдын алу жұмыстарын күшейтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазір мұз әлі толық қатпаған, жұқа күйде тұр. Соған қарамастан, кей балықшылар мұз қалыңдығына мән бермей, өмірлерін қатерге тігіп, мұз үстіне қайта-қайта шығуда. Сондай жағдай Ұлан ауданында тіркелді. Мұнда құтқарушылар қауіпті учаскелердің бірінде құтқару кеудешесі мен арнайы жабдықсыз жүргендерді анықтады. Нәтижесінде төрт адам ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, аймақ бойынша құтқарушылар жыл басынан бері 150 қауіпсіздік рейдін өткізген.
Айта кетейік, адамға қауіпсіз мұз қалыңдығы кемінде 10 сантиметр болуы тиіс. Қараңғы уақытта және көру мүмкіндігі нашар кезде мұз бетіне шығуға болмайды. Мұз үстіне шыққанда міндетті түрде құтқару кеудешесі, ысқырық, 2 метрлік таяқ, 12 метрлік арқан болуы қажет. Бұл суға құлаған адамды құтқаруға көмектеседі. Егер мұз ойылып кетсе, сыртқа шығуға көмектесетін қармауыш құралдары болуы керек. Мұз үстіне ішімдік ішкен күйде шығу қатаң тыйым салынады.
Пікірлер