A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 09:40 0

Өңірде өрлеу байқала ма?

Бүгін / Басты / ШҚО

Өткен аптаның бейсенбісінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингке барып, осы жылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін қорытындылады. Түрлі телеарна, сайт, мерзімді басылым журналистері сұрағын жаудырып, тұрғындар үшін қажет болар деген ақпараттар алуға тырысты. Назаларыңызға сол сауалдың біршамасын және аймақ басшымының жауабын ұсынбақпыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

- Өскемен экологиясын жақсарту үшін не істелініп жатыр?

- Бүгінде біз үш жылға арналған шаралар жоспарын әзірледік. Соның аясында 10,5 млрд теңгеге қоршаған ортаны қорғау жөнінде іс-әрекеттер қолға алынады. Біріншісі, өндірістік кәсіпорындармен меморандумдарға қол қойдық. Осыған байланысты Экология департаменті мамандары кез келген уақытта кез келген өндіріс кәсіпорындары аумағына кіріп, ауа құрамына бөлініп жатқан шығарындыларды өлшей алады. Тиісінше, ол мекемелер өндіріс көлемін азайтады. Айталық, жуықта «Казцинк» ЖШС металлургиядағы өндірісін 20 пайызға, мырыш бойынша 50 пайызға дейін төмендетті. Одан бөлек, 25 стационарлық бекет орнатып жатырмыз. Сол арқылы шығарындылар ең бірінші қайдан бөлініп жатқанын білуге болады. Осындай жоспарлы шаралар нәтижесінде байқағанымыз, өндірістік кәсіпорындардағы шығарындылар соңғы бес жылда 9 пайыздан асты. Жұмыстар жалғаса бермек. Сосын жеке сектордағы тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылуға қосуды жоспарладық. Өскемен аумағында бүгінде 36 мың жер үй бар. Олармен көмір жағып отыр. Ал олардан бөлінетін шығарынды барлық мөлшердің 10 пайызын құрайды. Көліктерден де көп көлемде бөлінеді. Мұның бәрін ескерсек, электромобильдерді желіге шығару жағын ойластырып жатырмыз. Экологиялық тұрғыда зияны аз.

 

- Қазір Шығыс Қазақстан аумағындағы жылу электр станциясының құрылысының жобасы қалай болып жатыр және оның жергілікті жұрт үшін тиімділігі қандай?

- Осы уақытта Өскемен бойынша жылу энергиясына тапшылық сағатына 267 гигакалория мөлшерінде. Қуаттылығы шамамен 360 мегаватт және сағатына кемі 1000 гигакалория болатын жаңа ЖЭО 3 салу жоспарланған. Желтоқсан айында келісімшартқа қол қоймақпыз. Оның инвесторы – «Самұрық Энерго» құрамына кіретін «Өскемен Энерго» ЖШС. Жалпы, келер жылдың бірінші тоқсанында құрылысы басталады деп отырмыз. 2029 жылдың соңына қарай тәмамдалуы тиіс. Біз өз тарапымыздан жер учаскесін анықтап бердік, енді инфрақұрылым тарту жағын қолға алдық.

 

- Өскеменде кептеліс деген өз алдына мәселеге айналғанын білеміз. Соның құрылысы қалай болмақ?

- Наурыз айында осы көпір салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге кіріскенбіз. Алты жолақты жол, ұзындығы 800 метр болады. Ол көпір әуелі республикалық маңызға ие «Семей-Алматы» бағыты мен Серікбаев көшесі арқылы өтетін жүргізушілер үшін тиімді болмақ. Жұмыс жүріп жатыр.

 

- Маралдыдағы жағдай? Соңғы уақытта әлеуметтік желіде түрлі видео тарап жүр, соған не дейсіз?

- Ол тақырып менің жеке бақылауымда. Желіде 2-2,5 жыл бұрын болған жағдайлар қайта жарияланып жүр. Халықпен кездескенде айтқан едік, «Мұндай сұрақтар ешқашан айқаймен шешілмейді. Оны нақты сұрақ қою арқылы, үстел басында отырып, заң аясында біржақты ету керек». Басқаша болмайды. Себебі, елімізде заң үстемдігі болмаса, онда мемлекеттік дамуы екіталай. Қазір Маралдының 25 тұрғыны сол зауытта жұмыс істейді. Оған қоса, «BCAM Продакшн» ЖШС алты жылда сол елдімекеннің дамуына деп 2,5 млрд теңге қаржы құяды. Былтыр 315 млн теңге, биыл 400 млн, алдағы үш жылда 500 млн теңгеден бөлмек. Алты жылға жеткенде тағы 305 млн теңге құяды. Қазірдің өзінде ауылдағы барлық жол асфальтталған. Көшелері жарықтандырылып, бейнебақылаулар орнатылды. Әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті. Енді сол ауылда өз кәсібін ашамын дегендерге қайтарымсыз грант, төмендетілген пайыздағы несие беру сияқты жұмыстарды қолға алады.

 

- Зайсан ауданындағы ауылдар неліктен газға қосылмай жатыр?

- Мұнда «Сарыбұлақ» кен орны бар. Қазір ол жерден Зайсан қаласы және тоғыз ауыл газ алып тұр. Тағы сегіз елдімекен бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Екінші мәселе, бұл кен орнындағы газ мөлшері. Жеті жылға ғана жетеді деген болжам бар. Сәйкесінше, бүгінде «Тарбағатай мұнай-газ» кәсіпорны қосымша жерлерде барлау жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта бас сызба аясында «Қарталы-Зайсан» магистральді газ құбырына болашақта Павлодар, Абай облысы және Шығыс Қазақстанды газға қосу жүзеге асуы тиіс. Қосымша, Үкімет Ресейден де газ тарту мүмкіндіктерін қарастыруда.

 

- Шығыс Қазақстанда бес жылдан бері Геамтология орталығының құрылысы бітпей келеді. Мұны тұрғындар да жиі айтып жүр. Соның қолданысқа берілген нақты уақытын айта аласыз ба?

- Иә, бұл «сақалды нысандардың» біріне айналып кетті. Шілде айында құжатқа түзету енгізу қаралды. Мақсат сол, қаражат сомасын 11,7 млрд теңгеге дейін ұлғайту керек болды. Бес жыл бұрын келісімшартқа қол қойылғанда «егер доллар бағамы 10 не одан көп пайызға өссе, жобаға түзету енгізуге болады» деп қарастырылған. Бірақ барлық құрылыс-монтаж жұмысы толық аяқталуға жақын. Қазір ішкі жөндеу жүріп жатыр, құрал-жабдықтар әкелінуде. Жыл біткенше барлық жұмыс тәмам болады деуге болады. Келер жылдың басында жетпей жатқан жабдықтар әкелінуі мүмкін. Бірақ бірінші тоқсан бітпей, оны қолданысқа береміз.

 

- Облыс тұрғындары әлі күнге дейін уақыттың жылжытылуын құп көрмей, бұрынғы қалпына келуін дұрыс көреді. Осыған байланысты уақытты ауыстыру мәселесі қайта қарала ма?

- Бұл сұраққа байланысты мынаны айтқым келеді: өзгерген уақыт бойынша шамамен екі жылдан бері тұрып жатырмыз. Мемлекеттік деңгейде бірнеше мәрте қаралды. Тиісті мамандар мен ғалымдар сараптамасы, ұсынымдары нәтижесінде көп мекеме мен ұйымдардың жұмыс кестесін қарап шықтық. Олар таңертең сағат 08:00-ден кешкі сағат 17:30-ға дейін жұмыс істейді. Сондай күн тәртібіне үйреніп те қалды. Біздің өңір ғана емес, әлемдегі біршама қала сондай тәртіппен тірлік кешуде. Аталған сұрақ енді қайта қаралмайды.


- Марқакөл ауданының 1200 тұрғыны шекаралық аймақта байланыссыз қалып отыр. Телефондар автоматты түрде қытайлық операторларға ауысады. Бұл жедел қызметтерге қоңырау шалуға және онлайн қызметтерді пайдалануға кедергі болып отырған көрінеді. Осы мәселе қалай шешіліп жатыр қазір?

- Бұл көптеген өңірге қатысты мәселе. Соған сәйкес тиісті «Жол картасы» бар. Соның аясында 2027-ші жылға дейін барлық дерлік ауылда жоғары жылдамдықты интернет іске қосылады. Қазір Марқакөл ауданы бойынша тоғыз ауылда ғаламтор бар. Тағы алтауы бойынша Altel, Beeline компанияларымен келісіп жатырмыз. Мектептерде Starlink қондырғысы орнатылып, бәрі дұрыс жұмыс істеп тұр.

 

- Алдағы жылдары ШҚО қай елдерден инвестиция тартуды жоспарлап отыр?

- Соңғы жылдары әралуан инвестордан турзим бойынша ұсыныстар түсіп жатыр. Одан бөлек, аймақта 92 шағын және орта су электр стансасын салуға болады. Себебі, ел бойынша су ресурстарының 40 пайызы біздің облыста. Бұл жағынан да жұмыс қыза түспек. Инвестиция тарту, сол бағытта жұмыс атқару бойынша тиісті жұмыс тобы бар. Нақты айтсақ, агроөнеркәсіп кешесі, СЭС салу, туризм және кәсіпорын бағытын айтуға болады. Жуықта өткен «Altai Invest» форумы кезінде біздің құрған жоспармен көпшілігі жақын танысты. Сонда байланыс орнатқан елдер де көрсетілген.

 

- Өскеменннің ауасы ластанып, оқушылардың қашықтан оқуға көшірілгендері айтылды. Кей тұрғын зауыттарды басқа жерге көшірсе, мәселе шешіледі дейді. Осы жағы қалай шешімін таппақ?

- Сөз басында айтып өткенімдей, соңғы жылдарды кәсіпорындардан бөлінетін шығарындылар көлемі азайды. Өндіріс ошақтарынан шығатын шығарындылар 54,5 мың тонна болса, биыл 49,7 мың тоннаға азайды. Көлік пен пеш арқылы жылытылатын жеке сектордағы үйлерден түтін көп бөлінеді. Ол туралы сөз арасында айтып өттім, үйлерді орталықтандырылған жылуға қосамыз. Электромобильдер туралы айтылды. Сосын жолаушы тасымалдауға жауапты мекемелер де экологиялық тұрғыда тиімді болатын қоғамдық көлік сатып алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ал кәсіпорындар бойынша 25 бекет жұмыс істеп тұрса, қай жерде жағдай ушығып тұр – бірден байқаймыз. Сосын оқушылар арасында ЖРВИ өршігені рас. Облыс бойынша 46 мың бала жұқтырған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен үндес, жағдай ушықты деуге келмейді. 3000-ға тарта ұл-қыз қашықтан оқуға көшірілді. Ал қашықтан оқуға түтіннің әсері жоқ.

 

- Мемлекет басшысы Өскеменде футбол стадионын салу туралы тапсырма берді. Қазір сол жұмыс қалай атқарылып жатыр?

- Биыл «Алтай-Өскемен» командасының Премьер-лигаға шығуына байланысты бұл сұрақтың маңызы одан әрі артты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз. Стадионның төбесі жабық болмақ. UEFA-ның үшінші санатты талабына сай етіп салынады. ЖСҚ дайын болып, мемлекеттік сараптамадан өтсе, келер жылы құрылысы басталады. Сосын мұнда тек «Қайрат», «Астана» ғана емес, Еуропаның азулы клубтары да келіп ойнай алады.

 

- Астанада фельдшер қыздың өлімінен кейін, өңірлерде медицина саласындағы кемшіліктер жаппай айтылып жатыр. Шығыс Қазақстан облысында бүгінде жедел-жәрдем бөлімдеріндегі ахуал қандай?

- Өңірдегі аудан орталықтарында 57 дәрігерлер бригадасы жұмыс істесе, қалада олардың саны – 26. Қала үлкейіп, халық көбеюіне байланысты біз қосымша 14 мобильді бригада аштық. Бұл жағына үнемі көңіл бөлінеді.

 

- Сіздің өңіріңізде жедел жәрдем көліктерінің 70 пайызының тозығы жеткен. Бұл ресми ақпарат. Сол көліктердің тозығы жетіп, жедел жәрдем қызметінің кешігуіне байланысты шағым артқан. Осы жағынан хабардарсыз ба және бұған жол берілуін тұрғындар денсаулығына салғырттықпен қарау деп есептемейсіз бе?

- Жоқ олай есептемеймін. Тұрғындар денсаулығына салғырттықпен қарамаймыз. Өйткені, өңір жұртының өмірі мен денсаулығы басты бақылауымызда. Тағы бір қайталай кетейін, тиісті басқармамен бірлесіп, биыл 35 жаңа көлік алдық. Лизинг бойынша әр жылы оларды кезең-кезеңімен жаңартып отырамыз.

 

- Өз қызметіңізге көңіліңіз тола ма? Жалпы, отставкаға кету ойыңызда бар ма?

- Егер істегеніміз көпшілік көңілінен шығып жатса, әлбетте көңіл толады. Одан артық қандай бақыт бар? Жаңадан нысан салынуынан бұрын, көптен бері шешілмей келе жатқан мәселе реттелсе, бір ғанибет.

 

- Шығыс Қазақстан облысында теңгерімде тікұшақ бар ма? Егер бар болса, ол қандай мақсатта қолданылады? Сосын оның техникалық жағдайына кім жауапты?

- Иә, бізде әуе бөлімшесі бар. Онда жеті МИ 2 және екі МИ 8 тікұшағы бар. Олар тек қызметтік жағдайда қолданылады. Біздің есебімізше, жыл басталғалы 27 мәрте ұшып шығу әрекеті орындалды. Негізінен заңсыз алтын қазушылар, браконьерлер, өрт қауіпті кезеңі мен су басу қаупі бар жерлерді анықтау үшін қажет. Шығыс Қазақстан таулы өңірлердің бірі. Орманды алқаптың 38 пайызы біздің аймақта және олардың көбі таулы жерде. Аяқ асты өрт шықса, ол жақтарға көлікпен жету мүмкін емес. Әуе бөлімшелері арқасында ауқымды деңгейде су басу, өрт өршіген сәттерді болдырмадық. Сосын аталған бөлімшелер кейде коммерциялық қызметпен айналысып, ақша табады. Тікұшақтарды күтіп ұстауға әкімдік тарапы да тиісті қаржы бөліп отырады.

 

- Жуықта облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы мен Шілікті ауылдық округі әкімінің балағат сөздер айтып отырған видеосы тараған болатын. Осыдан соң тәртіпке салу шаралары қолға алынды ма?

- Өзім облыс әкімі ретінде осындай жағдайларға қарсымын. Аталған оқиғадан соң қызметтік тексеріс жүргізіліп, мемлекеттік қызмет бойынша департаменті өкілдері мұны тиісті жиында талқыға салды. Соған сәйкес, бізге ұсынымдар жолдап, ауылдық округ әкімін де, басқарма басшысын да жауапкершілікке тарттық. Олар қатаң сөгіс алды. Шілікті ауылдық округінің әкімі жұмыстан қуылған жоқ. Ол аталған жайтқа дейін екі ай бұрын халық сайлауы негізінде жұмысын бастаған болатын. Сонымен қатар сол округ бағынатын аудан басшысы да, басқарма жұмысын үйлестіруге жауапты менің орынбасарыма да шара қабылданды. Мемлекеттік қызметші жұмысына кіріскелі әдептен озбай, жауапкершілік жүгін сезінулері үшін кадрлық қызмет арқылы тиісті сабақ өткізіп жүрміз.

 

- «Рахман қайнары» шипажайы бес жылға тарта жұмыс істеген жоқ. Инфрақұрылымы да құлдырады. Енді оны қайта жаңғырту үшін қанша қаражат керек және оның ендігі жағдайы не болмақ?

- Бұл Шығыс Қазақстандағы ең әдемі жерлердің бірі. Сот өтіп, тек тамыз айында ақ-қарасы белгілі болды. Қазір керек құжаттарды түгендеп жатырмыз. Жер учаскесі мен нысан актісін дұрыстау керек. Онда 92 нысан, 2000-нан астам түрлі мүлік бар. Соның бәрі реттелген соң нысанды қалай қолданамыз деген сұрақты көлденең тартамыз. Жеке инвестор қолына өте ме, мемлекет қарамағындағы демалыс базасы бола ма – ойлана жатармыз. Қазір ол жақта біздің күзет жұмыс істеп тұр.

 

- Ұлан ауданы аумағындағы Сандықтас жайлауы маңын алтын қазушылар ойрандап, шұңқырларды бітемеген. Адамдар мал жая алмай отырған көрінеді. Оны кімдер қазған, кім иеленіп отыр?

- Тиісті рұқсат қағазын алмай, көп адам алтын табамын деп әр жерді қазып тастағаны туралы фактілер тіркелді. Құқық қорғау органы өкілдерімен екі аптада бір рет жиналып, осы бойынша арнайы жиналыс өткіземіз. Негізі алтын қазушыларға рұқсат қағаз беру бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Былтыр 11 лицензия берілсе, биыл оның саны 47-ге жетті. Рекультивация әр ауданда әрқалай жүргізілуде.

 

- Облыстағы ауылдарда, әсіресе шекара шебіндегі елдімекендерде дәрігер тапшылығы мәселе әлі ушығып тұр. Осыны шешу үшін әкімдік тарапынан не істелініп жатыр?

- Дәрігерлерді ауылдарға тарту, оларды қолдау үшін 8,5 млн теңге бөлу, сондай-ақ біз Семей қаласындағы медициналық институтпен жақсы қарым-қатынастамыз. Бүгінде 130-ға тарта студентіміз облыс әкімінің гранттарымен сонда оқып жатыр. Оны бітіріп шыққан соң өңірімізде жұмысын жалғастыратын болады. Осылай рет-ретімен шешу жоспарда бар.

Әрі қарай тағы біршама журналист көкейдегі сауалын қойды. Бірақ қайталанып кеткендері де бар. Көбі уақыт белдеуі мен Өскемен экологиясын неше қайтара сұрады. Кейбірі жеке басқа қатысты сұрағын да қойып үлгерді.

 

Дайындаған: Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив