
Ішкі көші-қон: ел өңірлеріне депопуляция қаупі төніп тұр
Қазақстандағы өңіраралық көші-қон халықтың өңірлерден мегаполистерге кетуінен байқалады. Кейінгі бес жылда Астана қаласында көші-қон өсімі 214 627 адамға, Алматы қаласында 179 039 адамға, Шымкент қаласында 36 349 адамға жетті. Бұл туралы Экономикалық зерттеулер институты айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Мегаполистер, ең алдымен, көрші өңірлер мен жұмыс күші шамадан тыс артып кеткен оңтүстік облыстардың тұрғындарын тартады.
— 2021-2024 жылдар аралығында Астана қаласының көші-қон өсімі Ақмола (12,4%), Қарағанды (10,7%), Түркістан (10,3%), Павлодар (7,6%), Қостанай (7,6%) және Жамбыл (7,5%) облыстарынан келгендер есебінен жоғарылады.
Алматы қаласында Алматы (29,4%), Жамбыл (15,6%), Түркістан (11,8%) облыстарынан, сондай-ақ Жетісу облысынан (11,2%) келгендердің үлесі жоғары. Шымкент қаласы негізінен Түркістан облысының тұрғындарын тартады.
Аталған өңірлер арасында халықтың азаюы Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ туу деңгейі көші-қон шығындарын өтемейтін Жетісу облысында байқалады. Алматы облысында, сондай-ақ белгілі бір дәрежеде Ақмола облысында халық саны ірі мегаполистерге іргелес аумақтар есебінен артып келеді.
Түркістан және Жамбыл облыстарында халық санының өсуі бұрын туудың жоғары деңгейінен болған. Алайда, осы жылдың деректері (қаңтардан қазанға дейін) осы өңірлерде халық санының төмендегенін көрсетеді, — делінген хабарламада.
Осы жылдың көрсетілген кезеңінде мегаполистерде және оларға іргелес облыстарда (Алматы, Ақмола), сондай-ақ елдің мұнай өңірлерінде (Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе) халық саны өсті.
Қалған өңірлерде халық санының азаюы байқалады. Бұл пандемия кезіндегі «бэби-бумнан» кейін барлық жерде туу коэффициентінің төмендегеніне және бірқатар облыста оның көші-қон шығындарын өтеу үшін жеткіліксіз екендігіне байланысты. Көші-қон процестерінің қарқындылығы да артып келеді. Жыл соңына дейін туу коэффициенті көші-қон шығындарын өтемеген жағдайда, елдің көптеген өңірінде депопуляция процесі басталуы мүмкін.
Талдау халықтың көші-қонының негізгі факторы экономикалық себептер екенін көрсетеді. Салыстырмалы түрде жоғары жалақысы бар жұмысқа орналасу мүмкіндігі өңіраралық көші-қонның басты ынталандырушы күші.
Елдегі көші-қон процестерін реттеу жөніндегі шараларды бірнеше бағытқа бөлу керек:
Біріншіден, мегаполистерге көші-қон ағынын ескере отырып, заманауи урбанистік тәсілдерді дамыту және оларды қалалық инфрақұрылымды жоспарлау мен кеңейту кезінде белсенді қолдану қажет;
Екіншіден, өңірлерден көші-қон ағынын азайту үшін өңірлік экономиканы дамытуды және халықтың өмір сүру сапасын арттыруды, оның ішінде ауылдық жерлердегі жағдайды жақсартуды ынталандыру талап етіледі;
Үшіншіден, мегаполистерге іргелес аумақтарға халық ағынының күшеюі жағдайында агломерацияларды дамыту және оларды полицентрлік басқару тетіктерін енгізу қажет.
Төртіншіден, демографиялық және өңірлік саясатты уақтылы түзетуге мүмкіндік беретін көші-қон процестерінің тұрақты мониторингі маңызды шарт болып қала береді.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер