Таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Батырхан Төлеуғали Өскеменге келді. Оны әуежайдан отбасы, достары, бапкерлері мен жанкүйерлері күтіп алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Әлем чемпионаты өте жоғары деңгейде өтті. Қазақстаннан сонау Африкаға барып келдік. Осындай жетістікке жету мен үшін зор мәртебе. Туымыз көтеріліп, әнұран шырқалғанда ерекше сезімге бөлендім. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Енді дайындықты тоқтатпай, келесі жылы өтетін ауқымды жарыстарда бақ сынауды жоспарлап отырмын, - дейді спортшы.
Айта кетейік, Батырхан Төлеуғали 87 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанған дода Кенияның Найроби қаласында өтті. Ол шешуші жекпе-жекте Иран спортшысы Мохаммад Ализадені сенімді түрде жеңді.
Пікірлер