
Енді қазақстандықтардың бір бөлігі зейнетке ерте шыға алмайтын болды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жаңа заң жобасы көпшілікті осы ойға жетелейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
"Ашық НҚА" порталында өндірістік тәуекелдерді басқару қағидаларына түзетулер енгізетін бұйрық жобасы жарияланып отыр. Құжаттың артында жүздеген мың жұмысшы мен ондаған мың кәсіпорынның мүддесіне тікелей әсер ететін түбегейлі реформа тұр. Бұл – жай ғана техникалық түзету емес, парадигманың ауысуы, "зиян келтіргеннен кейін өтемақы төлеу" моделінен "қауіпсіздікті басқару" жүйесіне көшу. Осы орайда, inbusiness.kz редакциясы министрлікке ресми сауал жолдады.
Ең біріншіден, қазіргі жүйе қалай жұмыс істейтініне тоқталып өтейік. Бүгінде ерте зейнетке шығу құқығы мен қосымша төлемдер тізімдік тәсілге және өндірістік объектілерді аттестациялау нәтижесіне негізделген.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) атты механизм бар. Бұл – зиянды жағдайда жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс беруші жалақыдан бөлек, қызметкердің зейнетақы шотына аударатын ақша. Ерте зейнетке шығу құқығы осы жарналарға тікелей байланысты.
Десе де, министрлік қазіргі жүйенің тиімді де, әділ де еместігін мойындайды.
– Әртүрлі деңгейдегі зиянды факторға ұшырайтын қызметкерлер (3.1 — төмен тәуекел, 3.2 – орташа, 3.3 – жоғары, 3.4 және 4 – өте жоғары тәуекел) бірдей көлемде өтемақы мен жеңілдіктер алады, – дейді ведомство.
Яғни, жер астындағы ауыр жағдайда жұмыс істейтін кенші мен нормадан сәл ғана асатын көрсеткішпен жұмыс істейтін лаборант бірдей пайыздық жарна алады. Бұл әділетсіздік тудырады, демек бірінің нақты тәуекелі толық өтелмейді, екіншісі мардымсыз зиян үшін артық жеңілдік алады.
Жаңа бұйрық қатаң дифференциация енгізеді. Енді өндірісте жұмыс істеу фактісінің өзі МКЗЖ-ның автоматты түрде төленуін қамтамасыз етпейді. Тәуекелге негізделген тәсіл бойынша жарнаның тағайындалуы нақты қауіп деңгейіне байланады.
МКЗЖ тек үш жағдайда ғана төленеді:
3-ші дәреже (орташа тәуекел);
4-ші дәреже (жоғары тәуекел);
5-ші дәреже (өте жоғары тәуекел).
Бұл көмектің нақты түрде берілуін қамтамасыз етеді. Егер жұмыс орны "төмен тәуекел" деп танылса (3-ші дәрежеден төмен), жұмыс беруші кәсіби жарналарды төлеуден толық босатылады.
"Еңбек жағдайы жақсарып, кәсіби тәуекелдің төмендеуі расталған жағдайда, жұмыс берушінің МКЗЖ төлеу міндеті тоқтатылады" деп атап өтті министрлік.
Реформа авторлары халықаралық практиканы негізге алады. ЕО елдерінде және АҚШ-та зияндылық үшін қосымша төлемдер жүйесі іс жүзінде жоқ, "мұндай тәжірибе этикалық тұрғыдан дұрыс емес" деп есептеледі. Логикасы қысқаша айтқанда былай: "адамды денсаулығына зиян келетін жұмысқа ақша үшін итермелеуге болмайды".
– ЕО елдері қауіпті жағдайда жұмыс істегені үшін қосымша төлемдерді олардың ынталандырушы әсерін түсінбегендіктен емес, этикалық себептермен қолданбайды, – делінген министрліктің ресми жауабында.
Жаңа бұйрықтың негізгі қаруы – тікелей қаржылық стимул. "Зиянды орта үшін төлеу" схемасын сақтаудың орнына, жұмыс берушіге тәуекелді жоюға қаржы салу ұсынылады.
Қазір көптеген кәсіпорын МКЗЖ-ны өндірістің "мәжбүрлі салығы" ретінде төлеп отыр. Механизм қарапайым: егер жұмыс беруші жабдықты жаңғыртып, заманауи сүзу жүйелерін орнатса немесе қауіпті процестерді автоматтандырса, нақты жұмыс орнындағы тәуекел деңгейі төмендейді.
– Кәсіби тәуекел деңгейі 3-ші дәрежеден төмендесе, МКЗЖ төлеу міндеті тоқтатылады, – дейді министрлік.
Бұл – экономикалық тұрғыдан түсінікті әрі тиімді модель. Қауіпсіздікке салынған қаражат енді "жоғалған шығын" емес, жарнадан үнемдеу арқылы өтелетін инвестицияға айналады.
Процедуралық модель де түбегейлі өзгереді. Бұрынғыдай бес жылда бір рет өндірісті аттестациялау міндеті болмайды. Оның орнына тұрақты кәсіби тәуекелдерді бағалау, оның құрамына бұрынғы аттестацияның негізгі элементтері енгізілген.
Министрлік түсіндіргендей, гигиеналық өлшемдер, зиянды факторлардың әсерін бағалау, еңбек жағдайының класын анықтау толықтай жаңа КТБ процесіне интеграцияланады. Объективтілікті аккредиттелген ұйымдар жүргізетін өлшеулер қамтамасыз етеді.
КТБ өткізу құқығына қойылатын талаптар күшейеді. Мұндай ұйымдардың:
– арнайы тізілімге тіркелуі;
– штатында кемінде үш сертификатталған сарапшы болуы;
– олардың бірі міндетті түрде гигиена, кәсіби патология немесе эпидемиология бойынша жоғары білімі бар маман болуы;
– өз зертханасының аккредитацияланған болуы қажет.
Тапсырыс беру, сарапшыларды таңдау, нәтижелерді тіркеу барлығы HR.enbek.kz арқылы цифрландырылған режимде іске асады. Жүйеге кірмеген ұйыммен жұмыс істеуге тыйым салынған.
Мемлекет еңбек қауіпсіздігін толық бақылауға алуды жоспарлап отыр. 2025 жылы кәсіпорындардың 30%-ын, ал 2030 жылға қарай 80%-ын цифрлық мониторингпен қамту көзделген.
Бизнес үшін бұл – айқын белгі: "соқыр" төлемдер дәуірі аяқталды. Енді кәсіпорындар екі жолдың бірін ғана таңдайды:
– өндірісті жаңғыртып, тәуекел класын төмендетіп, қаржылық жүктемеден құтылу;
– не тәуекелді азайтпай, расымен қауіпті жұмыс үшін жарна төлеуді жалғастыру.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер