A+ A A-

talgatzhan 5 Кеше, 22:00 0

«Көзімді жұмсам да көрем сені» көрерменге жол тартты

Бүгін / Өскемен

Бүгін Өскемендегі Драма және оперетта театрында журналист, ақын, жазушы Әлібек Қаңтарбаевтың “Көзімді жұмсам да көрем сені” кітабы желісімен лирикалық драманың тұсауы кесілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жастық шақтың жарқын фрагменттері

Екі апта бұрын ғана қала тұрғындары мен қонақтары “Ауылдағы оқиға” комедиясы тұсаукесерінің куәсі болған еді. Ешбір пәлсапаға негізделмеген шығарма келген жұртты қыран-топан күлкіге қарқ қылды. Бүгінгі спектакльдің жөні де, жанры да бөлек. Бұл лирикалық драма. Студенттерден бастап, орта жастан асқан азаматтар мен нәзік жандылар мол жиналды. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы келіп, қойылымды бастан аяқ тапжылмай тамашалады. Әлібек Қаңтарбаевты қолдап келген жандар да аз болмады. Кейде 1,5-2 сағатқа созылған немесе екі бөлімнен құралатын спектакльдер кей адамның тағатын тауысып үлгеретін. Осы жолы барлығы дерлік бір деммен тамашалады. Екі тағдырдың ғұмырын алты әртіс көпшілік назарына ұсынды. Бұл да бір қоюшы-режиссер тарапынан жасалған ұтымды әдіс деп білдік. Түйсік тізгінін босата отырып, шығарма соңына таман әлдебір трагедия болатыны қылаң беріп тұрды. Жастық шақтағы жарқын фрагменттер оралымды тіркестер, шынайы диалог пен жылы юмор арқылы сәтті жетті көрерменге. Оған қоса, қала тұрғындарына таныс мекенжайлар айтылғанда кейбірі тіптен, қойылымға бар ықыласын төкті. Катонқарағай деген сөз де әртістер ұртынан жиі төгілді. Бұл шығарма Әлібек Қаңтарбаевтың өмір жолына өрілгендіктен ол дүниеге келген киелі топырақтың аты аталмауы қисынсыз болар. Одан бөлек, қазақ әдебиетіне қазына болып қосылған түрлі роман, повесть авторлары Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқаровтар туған өлке.
Басталу уақыты кешкі сағат 17:00-ге деп бекітілгенімен, сүріне-қабына кешігіп кіріп жатқандар да болды. Қойылым соңына дейін күтпей, мүлгіген тыныштық шырқын бұзып, ертерек шығып кеткендері де бар. Қош. Спектакль жүлгесімен жүріп жатыр. Әр эпизод өткен сайын Әлібек Қаңтарбаевтың студенттік шағы мен өзі ынтызар болған Гүлжанның сезім қылы бекіп, екеуі де ересек өмірге сеніммен аяқ басқан. Махаббат кемесіне мінгенде мұхиттағы тірлік бірқалыпты жалғаспады. Дауыл күшейіп, қиындық толқыны тәуір-ақ теңселтті. Соған қарамастан, ғашықтар қосылып, біреуден ілгері, біреуден кейін ғұмыр кешіп жатты. Диалог барысында байқағанымыз, шығарма авторы тұрмыс кезінде жұпыны тірлік пен жайдары мезетті қатар өткерді. Бірақ өзі сүйген Гүлжанмен кез келген түнектен кейін лезде жарқырап күн шығатын. Қысқасы, келген мейман шынайы махаббат пен терең сағыныш суреттелген көрініске қанық болды. Жерлес жазушының жары сырқаттанып, кесе көлденең тартылған кесел бақиға әкеткен эпизодта кейбірі еңкілдей жылады. 
1,5 сағатқа жалғасқан қойылым сыйлаған әсер айрықша. Бір жағынан жазушы қаламынан шыққан туындыда әдеби тіркес пен арагідік философияға негізделген сөйлемдер бар. Шығармашылық адамдарына сөз еншілеуге мүмкіндік. Премьера аяқталып, көпшілік түрегеп қошемет көрсетіп болған соң, аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағанов сахнаға көтерілді. Онымен бірге Әлібек Қаңтарбаев және аталған спектакльдің көркемдік деңгейін айқындауға зор үлес қосып, Ақтөбе облысынан арнайы келген драматург Бақыт Жалиева да көпшілік алдына шықты.
– Қойылым тамашалап отырып, өмірге келу бар да, мәңгілік өмір жоқ екенін түсінесің. Қас-қағым сәт. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр деп жатады. Бір-бірімізді қадірлей білейік, аялай білейік деген ой түйеміз. Шығарманың өзі де керемет жазылған, тілі жатық. Осы туындыны сонау Ақтөбеден Өскеменге келіп, сахнаға лайықтап дайындаған Бақыт Жалиева қарындасымыз да мол еңбектенді. Көрерменге тартымды етіп ұсынған режиссер Абай Дәулетұлына зор алғыс айтамын, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Риясыз ризашылық

Бұдан соң Әлібек Қалиұлы шығарма негізіне тоқталып, қалалықтарға аз-кем ақпарат берді, тілеулес болғандарға рахметін айтты. 

– 50 жыл бірге ғұмыр кешкен бәйбішем өмірден озғанда жазылған шығарма бұл. Осыған назар аударып, Ақтөбеден ат арытып жеткен қарагөзіміз Шығыстағы сыйлы ағамыздың омыртқасы опырылып жатыр-ау, жүрегінің порша-поршасы шықты-ау деп соны сезініп, драмалады. Мен әдебиетшімін ғой, жазушымын. Осы шығарманы драмаға келтіру өте күрделі болатын, менің стилім қиын. Соны қиюластырып отырып, драма жасаған Бақыт қарындасымызға мың алғыс, – деді Әлібек Қаңтарбаев.
Жазушы аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағановқа, облыс басшысының орынбасары Ербол Нұрғалиевке, Мәдениет басқармасы басшысы Самат Қасеновке, Драма және оперетта театрының директоры Руслан Қайырсыновқа және театр әртістеріне рахметін төкті. Осыдан соң сөз алған Бақыт Жалиева Шығыс пен Батысты байланыстыратын құрал өнер, талант пен еңбекті шыңға шығаратын шығармашылық екенін жеткізді. Сөзінше, спектакль қатты ұнады. Сәлден соң Нұрымбет Сақтағанов Әлібек Қаңтарбаевтың иығына шапан жапты. Бұған разы болған қонақтар ду қол шапалақ ұрды. Дегенмен өңір әкіміне алғысын білдірген қаламгер ырымдап, шапанды қоюшы-режиссер Абай Дәулетұлының иығына жапты. Оның сөзінше, Әлібек Қаңтарбаев айтқандай, Шекспир аяғын сындыратындай күрделі шығарманы драмалауға бір айдай дайындалды.
– Әуелі шығарманың сахналық жобасын қыркүйек айында берді. Одан кейін қойылым болмайды деп, тек қарашаның соңында ғана өтетіндігі нақты бекітілді. Содан жылдамдатып, үш аптадан астам уақытта әзірледік. Келесі жылға қалдырмау межесі қойылғандықтан, уақыт жоғалтпауға тырыстық. Қойылым ешқашан режиссер көңілінен шықпайды. Әттеген-ай деген сәттер бар, оны өзіміз ғана байқаймыз. Негізі кейіпкер көп болды. Олардың бәрін сахнаға шығарғаннан гөрі, алты адамның сомдап шыққанын дұрыс деп шештік. Қазіргі уақытта кез-келген көріністі заманауи көзқараспен жеткізуді дұрыс деп санаймын, – деді Абай Дәулетұлы. 
Әлібек Қаңтарбаев пен жарының өмір сахнасымен таныстырғандардың бірі – ерлі-зайыпты актерлер. Ерназар Шарапатұлы пен Нұргүл Орынбаева рөлді сомдау кезінде бәлендей қиын тұсы болмағанын жеткізді. Әсіресе, ғашықтар диалогын емін-еркін алып шыққан. 
– Режиссермен бірігіп, образды аша білдік деп ойлаймыз. Ерлік-зайыпты деп жатырмыз. Шығарманың өн бойында тәлім-тәрбие ап-анық аңғарылады. Ал өмірлік серігін жоғалту әр ер адам үшін орны толмас қайғы. Адам өз жартысынан айырылады. Аз уақытта дайындасақ та, ғашықтық спектаклі көңілімізден шықты, – деп қорытты сөзін Ерназар Шарапатұлы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив