A+ A A-

talgatzhan 30 Кеше, 16:50 0

Ұлан ауданында дәрігерлік амбулатория ашылды

Бүгін / Ұлан

Бүгін Асубұлақ кентінде күрделі жөндеуден өткен дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жаңартылған денсаулық сақтау нысаны әлеуметтік маңызы жоғары нысан ретінде ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

Дәрігерлік амбулатория 1970 жылдан бері жұмыс істеп, ондаған жылдар бойы кент тұрғындарын медициналық қызметпен қамтамасыз етіп келеді. 2025 жылы мекеме толық жаңғыртудан өтті: ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық база жаңартылды, науқастар мен медицина қызметкерлері үшін заманауи денсаулық сақтау стандарттарына сай қолайлы жағдайлар жасалды.

Қазір амбулаторияда 11 медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде 2 дәрігер, 6 орта буын медицина қызметкері және 3 кіші медицина қызметкері бар. Медициналық көмек 1700-ден астам кент тұрғынына көрсетіледі.

Мекеме жұмысының тиімділігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі – нәресте, бала және ана өлімі жағдайларының болмауы. Бұл медицина қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігін айқын көрсетеді.

Амбулатория жалпы тәжірибелі дәрігер мен акушер-гинеколог кабинеттерімен, емшара және егу кабинеттерімен, 3 төсек-орынға арналған күндізгі стационармен жабдықталған. Қолайсыз эпидемиологиялық жағдай кезінде науқастарды дер кезінде анықтау үшін сүзгі-кабинет жұмыс істейді.

Сонымен қатар ғимаратта жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы орналасқан, бұл тұрғындарға шұғыл медициналық көмекті жедел көрсетуге мүмкіндік береді.

Әсіресе ауылдық жерлерде денсаулық сақтау жүйесін дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. 

Жаңартылған дәрігерлік амбулатория Асубұлақ кентінің маңызды әлеуметтік инфрақұрылым нысанына айналып, халық денсаулығын нығайтуға және медициналық қызмет көрсету деңгейін арттыруға ықпал етпек.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив