Бозанбай ауылында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Ainala» оңалту орталығы ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторының қолдауымен «Baquatty aimaq qory» қоғамдық қоры ауылдарда әлеуметтік және инклюзивтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «BAQUATTY AIMAQ» бастамасын қолға алған. Бұл орталық соның аясында және өңір әкімдігінің тікелей қолдауымен өз жұмысын бастап отыр.
Жалпы ауданы 1500-ге жуық шаршы метрді құрайтын үшқабатты ғимаратта аутизм спектрінің бұзылысы бар балаларға кешенді көмек көрсетілмек.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттіліктері бар балаларға тиісті жағдай жасау жөнінде әрдайым тапсырма беріп отырады. Соның аясында атқарылып жатқан жұмыстардың бір көрінісі - осы «Ainala» оңалту орталығы. Біздің облыста бұл санаттағы 3 мыңнан астам бала бар. Олардың білім алып, дамуына жол ашып, ата-анасына қолдау көрсету бағытындағы жұмысты ары қарай жалғастырамыз, - деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Орталық бір мезгілде 50 баланы оңалтумен қамти алады. Мұнда невролог, психиатр, психолог, логопед, дефектолог және емдік дене шынықтыру нұсқаушылары қызмет көрсетеді. Орталық АВА-терапия, емдік дене шынықтыру, механотерапия, сенсорлық интеграция кабинеттерімен, еңбек және арт-терапия аймақтарымен жабдықталған.
Әртүрлі диагноздардың ерекшеліктерін ескере отырып іріктелген жабдықтар Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия сынды елдерден алынған.
Пікірлер