
Өскемендегі Экономика және техника колледжінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында сотталған азаматтармен телекөпір ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Шара барысында құқық қорғау органдары қызметкерлері студенттерге есірткі қылмысының қоғамға тигізер зияны мен заң алдындағы жауапкершілігі туралы жан-жақты түсіндірді. Темір тордың ар жағындағы адамдар өмірінен нақты мысалдар келтіріліп, жеңіл жолмен ақша табудың соңы ауыр жазаға әкелетіні ашық айтылды.
Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Азамат Талғатұлының айтуынша, соңғы жылдары жастар арасында есірткі таратумен және оны тұтынумен айналысатындардың саны артып келеді.
– Өкінішке қарай, жастар жеңіл табысқа қызығып, өз болашағына балта шауып жатады. Осындай алдын алу шаралары олардың санасына ой салып, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Басты мақсат – құқықтық жауапкершілік салдарын нақты мысал арқылы көрсету, – деді ол.
Шара барысында бейнеүндеу жолдаған сотталғандар өз істеріне өкініш білдіріп, жастарды қателікке бой алдырмауға шақырды. Солардың бірі Н. есімді азамат. Ол Балтық жағалауынан Қазақстанға келіп, кейін Өскеменде синтетикалық есірткі дайындаумен айналысқан. Қала шетіндегі коттедждердің бірінде арнайы құрылғылар арқылы есірткі өндіріп, оны таратушыларға өткізген. Сот үкімімен ол 11 жылға бас бостандығынан айырылған.
Полиция майоры Сағатбек Малтүгеловтің мәліметінше, заңсыз есірткі бизнесіне тартылған жастар саны жыл сайын артып отыр.
– 2023 жылы бұл қылмыс түрімен 19 адам ұсталды. 2024 жылы олардың саны 45-ке жетті. Ал 2025 жылы 90 адам жауапкершілікке тартылды. Олардың басым бөлігі – 19 бен 27 жас аралығындағы жастар. Ресми деректерге сүйенсек, ел бойынша есірткі тарату мен тұтыну көрсеткіші жағынан Астана мен Алматы қалалары алда тұр. Бұл ретте біздің аймақ сегізінші орынға тұрақтаған, – деді полиция өкілі.
Айта кетейік, 2024 жылы азаматтар мен құқық қорғау органдары арасында арнайы меморандум қабылданған. Құжатқа сәйкес, есірткіге қатысты нақты ақпарат берген немесе оны тауып өткізуге көмектескен азаматтарға сыйақы қарастырылған. Мәселен, синтетикалық есірткінің бір грамы үшін 5 мың теңге төленеді. Өткен жылы өскемендік бір тұрғын 5,5 келі синтетикалық есірткіні өткізіп, 7 миллион теңге сыйақы алған.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, есірткі саудасымен айналысатындар мыңдаған адамның тағдырына қауіп төндіруде. Сондықтан жастарды мұндай «оңай олжаға» қызықпай, заң аясында адал еңбек етуге шақыру – бүгінгі күннің басты міндеті.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер