A+ A A-

talgatzhan 39 Бүгін, 09:55 0

Шығыс Қазақстан балына еуропалықтар сұранысты молайтты

Бүгін / Басты / ШҚО

Желінген еттің 90-95%-ы денеге таралса, бал денеге толық таралады деп жатады. Біз кейде Катон мен Күршім аумағында айрықша дамыған шаруашылықтың осы түрін үстіртін ғана шолып шығатын сияқтымыз. Оның сатылып, өңір экономикасына белгілі бір мөлшерде табыс әкеліп жатқаны өз алдына бөлек тақырып. Кейбір зерттеуші балды медицинада да қолдану керектігін айтып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Басқарма бөліскен мәлімет

Жуықта ғана бал шаруашылығына қатысты ресми ақпарат айтылды. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажибекованың сөзінше, аймақ бірнеше бағыт бойынша ел көлемінде жетекші орынға ие.

– Қарақұмық шығарудан Павлодар облысынын кейін, балқытылған ірімшік дайындаудан Қостанай облысынан соң, құрт өндіруден Түркістан облысынан кейін екінші орында тұрмыз. Ал құс етін (Ақмола және Алматы облыстарынан соң), шұжық өнімдерін (Түркістан облысы мен Батыс Қазақстан облысынан кейін), консерві өнімдерін (Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан соң) өндіруден ел бойынша үшінші орындамыз, – деді ол жуықта облыс әкімдігінде өткен жиында.

Ал оның алдында Шығыс Қазақстанда өндірілетін бал Еуропаның 27 еліне экспортталатыны бірнеше мәрте айтылды. Былтыр Нидерландыдағы CBI үкіметтік ұйымы осыған қатысты азын-аулақ ақпаратпен бөліскен болатын осыған қатысты. Яғни, пандемияның беті қайтқан 2022 жылы бір жылда 280 мың тоннаға дейін өндірілген. Ауырып қалған араларға жан бітіп, шаруашылық бірқалыпты өрге басыпты. Ресми ақпараттарға сенсек, Еуропада Румыния, Испания, Германия, Мажарстан балды молынан тұтынуға бейім елдер. Демек, індет іргесін аулақ салғалы, Шығыс өлкесі осы мемлекеттермен сауданы күшейтті. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жаннат Көшерованың сөзінше, облыстағы барлық санаттағы шаруашылықта 101 мың 117 ара ұясы тіркелген. Ал республикалық ара шаруашылығы палатасында 2025 жылдың 1-ші қаңтарындағы жағдайға сәйкес, 86 шаруашылық тіркелген. Олардың құрамында 31 мың 420 тірі тұқымдық ара ұясы бар. Басқарма басшылығы мемлекет тарапынан ара шаруашылығын дамытуға көңіл бөлініп жатқанын, ол тіпті арнайы бұйрық негізінде бекітілгенін жеткізді.

– Бұрын субсидиялар ара ұяларымен селекциялық және тұқымдық жұмыс жүргізуге берілетін. Бір ара ұясына – 5000 теңге мөлшерінде баға бекітілді. Қазір ережелерге енгізілген өзгерістерге сәйкес субдсидиялар бал өндірісінің өзіндік құнын арзандатуға бөлінеді. Яғни, сатылған бір келі балға – 200 теңге. 2024 жылы селекциялық және тұқымдық жұмыс жүргізу үшін 65 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі 89 өтініш берген. Нәтижесінде, 195 185 000 теңге субсидия төленді, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Ал былтыр 2024 жылғы резервтік өтініштер бойынша 80 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінің 92 өтінішіне 194 млн 100 мың теңге төленген көрінеді. «Ауыл аманаты» несие бағдарламасы аясында 2023 жылы ара шаруашылығын дамыту үшін жеті жоба жүзеге асырылып, оның жалпы сомасы – 52 млн 720 мың теңге болды.

 

Мажарстан Еуроодаққа жол ашты

2023 жылы барлық санатағы шаруашылықта 1 млн 862 млн тонна бал өндіріліпті. Оның ішінде:

Ауыл шаруашылығы бірлестіктері – 600 мың 800 тонна;

Халық шаруашылықтары – 1 млн 261,2 млн тонна.

Жаннат Көшерова ресми жауапта республикаға да қатысты мәліметпен бөлісті. Сөзінше, екі жыл бұрын ел көлемінде 4 млн 990 мың 600 тонна бал өндірілді. Шығыс Қазақстан соның 58 пайызын қамтыған, яғни жартысынан көбі бір өңірдің еншісінде. Басқарма басшылығы аймақта балдан басқа, прополис, аналық сүт, тозаң және басқа да ара өнімдері өндіріліп жатқанын алға тартты. Мәлім болғандай, 2024 жылы облыстан 19,3 тонна бал экспортталды. Арада бір жыл өткенде көрсеткіш күрт ұлғайып, 2025 жылдың 11 айында Шығыс Қазақстаннан аталған өнімнің 65,5 тоннасы экспортталып, 5 тонна керісінше, импортталды.

– Қазақстан бойынша өткен жылдың 1-ші желтоқсанында экспорт – 1 млн 173 мың 6 тонна, импорт 228 мың 400 тоннаны құрады. Экспорт Францияға, Ресейге, АҚШ-қа, Моңғолияға, Өзбекстанға жүзеге асырылады. Сонымен қатар облыста «Катонқарағай табиғи бал» бренді тіркелген. 2025 жылғы 22-ші тамыздан бастан Шығыс Қазақстан балы Еуропа нарығына шықты, – деді Жаннат Көшерова.

АҚШ, Өзбекстан сияқты алыс-жақын елдер қамтылды. Ендігісі, кәрі құрлық. Анығы сол, Мажарстанның екі ірі компаниясы отандық бал өндірушілермен, атап айтқанда Глубокое ауданының «Пасека Буньковых» шаруа қожалығымен байланыс орнатуға қызығушылық танытқан. Ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдері мұның венгриялық өндірушілермен алғашқы байланыс екенін, осы арқылы Еуроодаққа қарай жол ашылғанын жеткізді. Ресми мәліметте бұдан бөлек, былтыр наурыз айында Глубокое ауданындағы «Sun Bee Altai» ЖШС Еуропалық комиссия реестріне енгізіліп, Еуропалық Одан елдеріне экспорт жасауға тіркелген қазақстандық тұңғыш кәсіпорын атанғаны жазылды.

– Бұл Германия, Франция, Италия, Бельгия, Нидерланды, Испания, Польша және тағы басқа Еуроодақтың 27 еліне бал экспорттауға мүмкіндік ашады. Қазақстан бойынша бал өндірісін арттыру жаңа экспорт нарықтарын ашу, ара шаруашылығында селекциялық-тұқымдық жұмыстарды біріздендіру мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 31 желтоқсандағы №434 бұйрығымен 2025-2027 жылдарға арналған Ара шаруашылығын дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді, – делінген сұраухат жауабында.


Аудандағы ахуал

Қысқасы, Нидерландыдағы үкіметтік ұйым мәліметіне көз жүгіртіп, балға сұранысы жоғары елдердің Қазақстанға мойын бұрғандарын білдік. Дерттен кейін жұртының әл-қуаты кеміген мемлекеттердің біршамасы Алтай балын тұтынып келеді. Субсидия мәселесі өз алдына, экспорттан облыс қазынасына қанша пайда келгені жазылмады. Бірақ Жаннат Көшерова көрсеткен аудандардағы жағдай туралы толық мәлімет бар деуге болады.

Мәлім болғандай, Катонқарағай ауданы бойынша омарташылық, бал өндірумен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен шаруашылықтар, жеке қосалқы шаруашылықтар саны – 103. Оның ішінде асыл тұқымды мәртебесі бар 12 ара шаруашылығы бар. Бұл деректі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Тулебаев ұсынды. Айтуынша, ауданда бал өндіріп, омарташылықпен айналысамын деген жанға жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Айталық, «Ауыл аманаты» 2,5 бағдарламасы аясында несиелер жылдық 2,5 пайыз мөлшерлемемен беріледі.

– Бұл бағдарлама бойынша жеке тұлғалар үшін қарыздың ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК-ке дейін, ал ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 8 АЕК-ке шейін қаржыландыру көзделген. Сонымен қатар «Агронесие» бағдарламалары (оның ішінде «Іскер», «Агробизнес») арқылы жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен несиелер беріледі. Бұдан бөлек, омарташылықты дамытуға бағытталған мемлекеттік субсидиялар қарастырылған, – деді бөлім басшысы.

Катонқарағайдың өзінде жылына орта есеппен бірнеше жүз тоннаға жуық бал өндіріледі. Жыл мезгіліне, ауа райына және бал жинау маусымының ұзақтығына байланысты өндіріс көлемі өзгеріп отыратын көрінеді. Былтыр бұл меже 185 тоннаға жеткен. Ресми ақпаратқа сенсек, Катонқарағай аумағында өндірілетін бал өнімдерінің шамамен 30-40 пайызы аудан аумағына келетін демалушылар мен туристерге сатылады. Өнімнің 25-30 пайызы Өскемен қаласына, ал 15-20 пайызы Астанаға жеткізіліп, саудаланады. Қалған бөлігі Шығыс Қазақстан облысының өзге елдімекендері мен республика аумағында өткізіледі.

– Бал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің салықтық төлемдері арқылы аудан бюджетіне тұрақты түрде түсімдер қамтамасыз етіледі. Бал өндірісінен түскен нақты табысты бөлек көрсету мүмкін емес, ол ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін жиынтық салық түсімдерінің ішінде қамтылады, – деді бөлім басшысы табыс жөнінде шама-шарқынша жауап беріп.


Түрік ағайынның айтқаны

Негізінен бал Коробиха мен Ақсу ауылдық округтерінде өндіріледі. Сонымен қатар Катонқарағай, Аққайнар және Белқарағай ауылдық округтерінде омарташылар бар. Аталған ауданнан Қытай, Өзбекстан, Сауд Арабиясынан бөлек, солтүстік Америкаға дейін жөнелтіледі.

Өткен жылдың соңына қарай Өскеменге Түркияның Мугла Ситки Кочман университенінің профессоры, Шығыс Қазақстан балын зерттеп жүрген Мехмет Озтюрк келген болатын. Ол бірнеше күн Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-да дәріс оқып, әралуан ақпаратпен бөлісті. Оның сөзінше, балды тек тағам түрінде емес, медицина да бағытында да пайдалануға болады.

– Қазақстан балын әлем жұрты әлі толық білмейді деп ойлаймын. Ол үшін ақпарат кеңістігінде осы өнім туралы мәліметті молынан беру керек. Мұндағы оқытушылардан естігенімдей, Шығыс Қазақстанның өзінде бал экспорттаудың әлеуеті жоғары. Мен туып-өскен Мула қаласы Түркияның оңтүстік-батыс өлкесінде орын тепкен. Бізде бал шаруашылығы жетекші рөлге ие. Мен балды ауруға ем ретінде қолдануды жөн санаймын. Себебі, табиғи өнімнің әсері ерекше, – деді профессор.

Оның сөзінше, тек ауру ғана емес, спортшыларды қалпына келтіру кезінде де жиі тұтынған жөн. Мәселен, Шығыс Қазақстанның таулы аудандарында қандай шөп өседі, соның құрамы да балды пайдалану кезінде ескерілуі тиіс. Түркия осы жағынан әлемде көш бастап тұрғанын жеткізді. Анығы сол, қазір мұнымен Алматыдағы мамандар мықтап айналысып келеді.

Балы брендтке айналған тағы бір аудан – Күршім. Бұл жақта жылына 50 тоннадан астам бал өндіріледі. Оның 12 пайызы республика аумағына, қалған бөлігі облыс аумағында саудаланады. Күршімге барған мейман міндетті түрде Маралдының балынан ауыз тиеді. Бірақ аудан әкімінің орынбасары Алмас Ижимовтың сөзінше, Күршім балы қазір экспортқа шығарылмайды. Соған қарамастан жұрт алдын ала тапсырыс беріп, шама-шарқынша сауданы қыздырып жүр.

Сайып келгенде, ара шаруашылығын қолға алғысы келгендерге қолдау бар. Субсидиялар мен жеңілдетілген мөлшерлемемен несиелер беріледі. Еуроодақтың сауда сахнасына шыққан Шығыс балы әлемде де мойындалатыны сөзсіз.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив