Өңірде ақпараттық жүйелерді бірыңғай архитектураға көшіру жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Цифрлық трансформация картасы аясында 9 басқарма бойынша 116 реестр мен 247 есеп цифрландырылды, мамандардың жұмыс уақыты 30 пайызға дейін үнемделді, деректердің сапасы мен өзектілігін бақылау күшейтілді.
Негізгі құралдардың бірі – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология, қауіпсіздік және азаматтардың өтініштерін мониторингтеуді қамтамасыз ететін, төтенше жағдайлар кезінде штабтық алаң ретінде пайдаланылатын Өңірлік талдау орталығы.
ТҮКШ саласында 23 жылу көзінің онлайн-мониторингі енгізіліп, деректер әр минут сайын жаңартылып отырады. Сонымен қатар 6 мыңнан астам бейнекамераның деректері, ауаның сапасы мен су тасқынын бақылауға арналған автоматтандырылған бекеттер, бейнеаналитика және жасанды интеллект элементтері қолданылып жатыр.
Интернет инфрақұрылымын дамыту бағытында да нақты нәтижелер бар. Мәселен, 2025 жылы 53 ауыл интернетке қосылды. 2026 жылдың басынан бері тағы 19 елді мекен қамтылды. Осылайша, облыс халқының 98,5 пайызы байланысқа қол жеткізді. Қалған 67 шағын елді мекенді 2026 жылдың соңына дейін мерзімінен бұрын қосу жоспарланып отыр.
Кадр даярлау мақсатында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жанынан Tomorrow School жобасы іске қосылды. Жоба цифрлық экономика мен жасанды интеллектті енгізу бағытында өңірлік мамандарды даярлауға бағытталған.
Өңірде цифрлық шешімдерді одан әрі дамытуға қажетті база қалыптасты. Келесі кезең - деректер сапасын арттыру және оларды басқарушылық шешімдер қабылдауда белсенді пайдалану.
Пікірлер