Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылдың алғашқы 10 айында өңірде кәмелетке толмағандарға қатысты 134 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның ішінде, 60 дерек Өскемен қаласында тіркелген. ШҚО Полиция департаменті басшысы Ерлан Омарбеков сандардың артуы жағдайдың күрт нашарлағанын білдірмейтінін атап өтті.
– Көрсеткіштердің өсуі көбінесе заңнамадағы өзгерістерге байланысты. Қазір шабуыл жасау және жеңіл дене жарақатын салу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылады. Осы санат бойынша 28 оқиға тіркелді, – деді ол.
Мамандардың айтуынша, бала құқықтарын бұзудың әрбір дерегі жеке есепке алынады. Егер бір жәбірленушіге қатысты бірнеше заңсыз әрекет жасалса, олардың әрқайсысы статистикада бөлек көрсетіледі. Бұл жалпы көрсеткіштің артуына тікелей әсер етеді. Кәмелетке толмағандарға қатысты ең көп таралған қылмыстар – ұрлық пен қолындағы затын қорқытып алу. Балалар жас ерекшелігі мен сенгіштігіне байланысты жеке заттарын қараусыз қалдырып жатады. Мұны кей жағдайда құрдастары да, ересектер де пайдаланады. Сонымен қатар, жыныстық сипаттағы қылмыстар да тіркелуде. Сарапшылар мәліметінше, мұндай фактілер көбіне күндізгі уақытта және тұрғын үйлерде болады.
– Учаскелік полиция инспекторлары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім қызметкерлері әкімшілік аумақтарды үнемі аралайды. Сонымен қатар, біріктірілген полиция жасақтары күн сайын қалалар мен елдімекендерді патрульдейді. Рейдтік іс-шаралар барысында құқық бұзушылыққа бейім тұрғындар ерекше бақылауға алынады, – деді ШҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция департаментінің арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әйгерім Бейсембаева.
Сонымен қатар былтыр облыста жыныстық сипаттағы қылмыс та көбейген. Ең жас жәбірленуші 14 жастағы қыз екені анықталған.
Мамандардың айтуынша, мұндай істер бойынша күдіктілер әрекеттің жәбірленушінің еркіне қарсы жасалған-жасалмағанына қарамастан, ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабына «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу» сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Дегенмен жүргізіліп жатқан алдын алу шараларына қарамастан, елде балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар әлі де кездесіп отыр.
Пікірлер