
ШҚО-да жыл сайын 1300-ге жуық азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады
Ел көлемінде жыл сайын әскерге қатысты түрлі жағдай тіркеліп жатады. Оған қоса 2026 жыл есіктен кірмей жатып бес бірдей сарбаздың ажал құшуы қарапайым халықтың алаңдаушылығын күшейткені анық. Соңғы жылдары әскерге өз еркімен барғысы келетін жастардың саны да азайғаны байқалады. Ата-аналар баласын әскерге аттандырғанда жанын шүберекке түйіп, алаңдап отырады. Әлеуметтік желілерде тараған түрлі ақпаратты көргенде, шынында да әскерге бару қауіпті ме деген ой еріксіз туындайды. Бір тарап «әскерде әлімжеттік көп, сондықтан барудың қажеті жоқ» десе, енді біреулер «қазіргі жастар әлсіз, тәртіпке шыдамай, өздері қашып жүр» деген уәж айтады. Осы мәселенің ақ-қарасын таразылап, түрлі көзқарасты саралау мақсатында бұл материал арнайы дайындалды.
Қайғылы оқиға көбейді
Алдымен өткенге көз жүгіртсек, соңғы екі жылда (2023-2025) әскери бөлімдерде бірнеше қайғылы оқиға тіркелді. Солардың бірі – 2023 жылдың желтоқсанында ҚР Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтардың бас сүйек-ми жарақатын алып, комаға түсуі. Ал 2024 жылдың 13 мамырында әскери госпитальде соққы салдарынан сарбаз Досымжан Сәлімжан көз жұмды. 20 мамырда Аягөз қаласында мерзімді қызметтегі сарбаз қайтыс болды. Ресми себеп ретінде «бактериалды менингиттің фульминантты түрі» көрсетілді. 2024 жылдың 7 қыркүйегінде елдің әртүрлі өңіріндегі полигондарда қатарынан екі сарбаз қаза болды. Kaz.karavan.kz сайтында 17 қыркүйекте Арыс гарнизонында келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметші басынан оқ жарақатын алды деп жазылды. Алдын ала себеп ретінде суицидке әрекет жасау нұсқасы айтылған. 14 қазанда Қарағанды облысы аумағында сарбаз басына тиген оқ жарақатынан қайтыс болды. Ресми нұсқа бойынша, ол суицид жасаған. 2024 жылғы қыркүйекте мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ресми статистиканы жариялаған еді. Оның айтуынша, соңғы үш жылда 270 әскери қызметші қаза тауып, 86 суицид және 20 суицидке әрекет ету дерегі тіркелген.
Биылғы статистика да көңіл көншітпейді. 17 ақпанда Маңғыстау облысы аумағындағы «Бейнеу» полигонында жоспарлы далалық атыс жаттығулары кезінде Қорғаныс министрлігіне қарасты «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қарумен жұмыс істеу барысында оқ жарақатын алып, көз жұмды.
Сарбаздардың өлімі ұл тәрбиелеп отырған ата-аналардың алаңдаушылығын күшейткені анық. Халықаралық жағдайдың шиеленіскен тұсында әскердегі тәртіп пен қауіпсіздік мәселесі күшейтілуі тиіс деген пікір басым. Аталған мәселеге байланысты газет тілшісі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне сауал жолдады. Министрліктің ресми жауабында Қарулы Күштерде әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және қатаң жарғылық тәртіпті қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі екені айтылған.
– Әскери қызметшінің қаза табуы немесе жарақат алуы төтенше оқиға ретінде қарастырылып, оқиға орнына министрлік басшылығы барып, жан-жақты тергеу жүргізіледі. Тергеу барысында себеп-салдар анықталып, лауазымды тұлғалардың кінә дәрежесі белгіленеді және кінәлілер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Әскери қызметшілердің қаза болу фактілерін өңірлер бойынша салыстыру дұрыс емес, өйткені мұндай оқиғалар бір өңірде тіркелуі мүмкін, ал кей өңірлерде мүлде болмауы ықтимал, – делінген ресми ақпаратта.
Қорғаныс министрлігінен Қазақстан аумағында қанша әскери бөлім бар екенін сұраған едік. Министрлік бұл ақпаратты құпия ретінде сақтап, жауап бермеді.
Бұл мәселе жөнінде Отан алдындағы борышын өтеп келгендермен де сөйлестік.
– Әскерге 2024 жылы 29 маусымда бардым. Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімінде өз борышымды өтеп, 2025 жылы туған жеріме оралдым. Жалпы, мен түскен бөлімде әлімжеттік жағдайы болған жоқ. Тәртіп қатаң сақталды, командирлер тарапынан бақылау бар, талап ортақ болды. Тағам жағы да жаман емес, күн тәртібі нақты белгіленген. Ата-анамен сөйлесуге, жақындармен байланыс жасауға да мүмкіндік берілді. Дегенмен басқа әскери бөлімдер туралы түрлі әңгімелерді естідік. Кей жерлерде қиын жағдайлар кездеседі дегенді де жоққа шығаруға болмайды. Әскер тәртіп пен жауапкершілік мектебі болуы керек деп ойлаймын. Меніңше, әр әскери бөлімдегі ахуал әртүрлі. Барлығын бірдей жаман деуге де, керісінше, бәрі керемет деуге де болмайды. Сондықтан нақты бір пікір айту үшін әр бөлімнің ішкі жағдайын жеке қарастыру қажет, – деді Мансұр Қабатаев.
«Ауырған сарбазды жек көреді»
Психологтардың айтуынша, әскерге бару тек физикалық емес, ең алдымен психологиялық сынақ болатыны анық.
– Әскер адамның мінез-құлқын, стресс жағдайында әрекет ету қабілетін, тәртіпке бағынуын және жауапкершілік деңгейін айқын көрсетеді. Психолог ретінде айтарым, әскери ортада жас жігіттер өздерінің шынайы тұлғалық қырларын ашады. Қатаң тәртіп, жаңа орта, үйден жырақта болуы эмоционалдық тұрақтылықты талап етеді. Алғашқы айларда бейімделу кезеңі күрделі болуы мүмкін. Дегенмен, дұрыс психологиялық дайындық пен қолдау болған жағдайда әскер тұлғаның дамуына оң әсер етеді. Ол ерік-жігерді күшейтеді, шыдамдылықты арттырады, командамен жұмыс істеуді үйретеді және жауапкершілік сезімін қалыптастырады, – деді психолог Маржан Асқарқызы.
2024 жылы әскери борышын өтеп келген Әділет Серіктің (аты-жөнін өзгертіп беруді өтінді) бұл пікірге көзқарасы бөлек.
– Негізі «әскерге бару керек» деп айтып жатады ғой. Бірақ қазір басқа елдермен салыстырғанда бізде әскерде тәртіп жоқ. Оны өздеріңіз біліп те, көріп те жүрсіздер. Бізде соғыссыз ажал құшып жатқандар қаншама. Бірақ ондай ақпаратты әскердің 4 қабырғасынан шығармайды. Тексеру келетін кезде біздің 3 уақыт ішетін тамағымыз молынан салынып, дәмі де өзгереді. Мен барған жерде жуылмаған немесе жартылай жуылған ыдысқа тамақ салып бере салады. Ішпейін десең, амал жоқ. Алайда тамақ ішкізбей, ұйықтатпай, әлімжеттік көрсету де болды. Ондайға шыдау керек дейді, бірақ әскерден кейінгі өмірде айтарлықтай әсерін тигізеді екен. Әскери емхана, дәріханаларда сол жердің адамдарды жұмыс істейді. Олар ауырған сарбазды жек көреді. «Өтірік ауырып тұр» деп ойлайды. Көмек сұрап, жан ұшыра келген балаға «кет» деген әскерилерді өз көзіммен көрдім. Айта берсек, әскери былықтар көп. Әскердің беретін пайдасы да бар. Ол – келешек өмірге дайындалып келу. Сол үшін мен барғаныма өкінбеймін, – деді ол.
Ата-аналарда алаң бар ма?
Ата-аналардың көбі балаларын жіберуге қорқып қалғаны рас. Дегенмен «таяқтың екі ұшы» бар демекші, әр жерде жағдай әртүрлі болуы да мүмкін.
– Тұңғышым 2024 жылы әскерге барып келді. Биыл екінші ұлымды шығарып салдық. Шүкір, барлығы жақсы. Бірақ қазіргі заманда әлеуметтік желіден түрлі жаңалықтарды көріп, әртүрлі жағдайларды естіп, ана жүрегі бәрібір алаңдайды екен. Әсіресе тұңғышым алғаш кеткен кезде қатты уайымдадым. Тіпті алғашқы 2-3 ай бойы сол қалада тұрып, жексенбі сайын жіберетін кездесулерге барып, тамағын апарып, жағдайын өз көзіммен көріп қайтатынмын. Әр қоңырауын күтіп, әр хабарламасына елеңдеп отыратынмын. Ана болған соң баланың амандығынан артық ештеңе жоқ қой. Кейін аман-есен борышын өтеп, үйге оралғанда ғана «ух» деп бір тыныстадым. Қазір екінші ұлым кеткенде бұрынғыдай қатты үрей жоқ. Алғашқы тәжірибе біраз нәрсеге көз жеткізді. Дегенмен бәрібір ана жүрегі алаңсыз болмайды. Ең бастысы – балаларымыз аман болса екен дейміз, – деді қала тұрғыны Назгүл Аманболқызы.
Облыста жыл сайын орта есеппен 1300-ге жуық азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Аталған көрсеткіш жыл сайынғы жоспарға байланысты. Бұл туралы ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі Департаментінің әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының бастығы Жәнібек Сапаров жауап берді.
– Соңғы 3 жылда әскерге баруға ниеттілер саны 20 пайызға көтерілді. Оған себеп Қазақстанда мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтарға жоғары оқу орындарына түсу үшін мемлекеттік гранттар беріледі. Елімізде мыңдаған сарбазға грант бөлініп, білім алуда. Грант алу үшін әдетте Қорғаныс Министрлігі немесе тиісті орган өткізетін конкурсқа қатысу қажет. ҚР-ның Қылмыстық кодексіне сәйкес, әскерден жалтарған азаматтарға айыппұл салынады немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады. Одан бөлек, белгілі бір мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы қолданылуы мүмкін, – деді ол.
Аталған мәселе жөнінде Шығыс өңірлік қолбасшылығына да хабарласқан едік. Олар жауап беруден бас тартты. Сарбаздардың бір күндік ас мәзірі қандай, бүгінге дейін әскерде әлімжеттік тіркелді ме, жоқ па екенін ұсыну жөн көрген едік. Бірақ болмады.
Айтқандай, дамыған елдер де әскердегі әлімжеттікті жеңе алмады. АҚШ-та оны hazing немесе bullying деп атайды. Ол жас жауынгердің денесі мен жүйкесін құрыштай шынықтырудың бір тәсіліне, қатал сынақ түріне жатады. Дегенмен, әлімжеттік құптайтын, мақтайтын іс емес. «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, кез келген жүйеде жүйелі тәртіп болғаны дұрыс-ақ.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер