Елде азаматтық және қызметтік қарудың айналымына қойылатын талаптар күшейтілді. Жаңа ережерелді Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Орал Рыспаев түсіндірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Заңға сәйкес «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау туралы» заңына өзгерістер енгізілді. Енді азаматтық және қызметтік ойық ұңғылы қару иелері қаруды белгіленген тәртіппен бақылау атысына ұсынуға міндетті. Бұл қарудың сәйкестендірілуін қамтамасыз ету және бақылауды күшейту мақсатында жүргізіледі. Егер қару иесі белгіленген мерзімде қаруды бақылау атысына ұсынбаса, қаруды иеленуге берілген рұқсаттың әрекеті тоқтатылуы мүмкін.
Жаңа өзгерістер аясында Мемлекеттік оқ-гильза деректер базасы (пулегильзотека) қалыптастырылады. Бұл база атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстарды ашудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заңды тұлғаның қызметі тоқтатылған жағдайда оның иелігіндегі қару мен оқ-дәрілер 10 жұмыс күні ішінде ішкі істер органдарына сақтауға тапсырылуы тиіс.
Қару айналымына қатысты мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Енді азаматтар лицензиялар мен рұқсаттарды электронды үкімет порталы (eGov) арқылы онлайн түрде ала алады.
Өтініштер электронды түрде қабылданып, қажетті мәліметтердің бір бөлігі мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде алынады. Бұл мемлекеттік баж салығын төлеу, жеке бас деректері, лицензиялардың болуы және қаруды бұрын иелену тәжірибесі сияқты ақпараттарды қамтиды.
Мамандардың айтуынша, цифрландыру полиция саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай азайтады. Құжаттарды рәсімдеу адам факторынсыз жүзеге асады: азаматтар өтінімдерді eGov порталы арқылы онлайн түрде тапсырып, қызметтерді ашық әрі ыңғайлы ала алады.
Пікірлер