ШҚО Полиция департаментінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторы, полиция капитаны Асель Тукушева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградаға ие болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәртебелі марапатты полиция қызметкеріне ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов табыстап, оның азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өскелең ұрпақты қорғауға қосқан үлесін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, «Учаске» республикалық жедел алдын алу шарасы барысында Асель Тукушева саяжай алқаптарының бірінде есепте тұрған отбасыларды тексеру жұмыстарын жүргізген. Бес баласы бар ана тұратын үйге кірген сәтте ол улы газдың иісін сезген. Жағдайдың қауіптілігін бірден түсінген офицер шұғыл шаралар қабылдап, жедел қызметтерді шақыртқан.
Оқиға орнына жеткен мамандар улы газдың бар екенін растады. Оған жылыту пешінің ақауы себеп болған. Инспектордың дер кезінде әрекет етуінің арқасында отбасы мүшелері дереу құтқарылып, уақытша дағдарыс орталығына орналастырылды.
Бүгінде әйел-полицейлер заң мен қоғамдық қауіпсіздікті ерлермен тең дәрежеде күзетеді. Олар күн сайын төзімділік, кәсібилік пен жанқиярлық танытып, қызметтерін атқаруда, қылмыстарды ашуға қатысады, профилактикалық жұмыстар жүргізеді және қиын сәтте адам өмірін сақтап қалатын батырларға айналуда.
Асель Тукушеваның оқиғасы — мамандыққа деген адалдықтың, қырағылық пен адамдарға көмектесуге деген шынайы ниеттің жоғары құрметке лайық екенінің тағы бір дәлелі.
Пікірлер