ҚР Ішкі істер министрлігінде құқық қорғау органдары қатарындағы мәдениеттің ерекше рөлін айшықтайтын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі және көпжылғы жемісті еңбегі үшін ШҚО Полиция департаменті хорының көркемдік жетекшісі Лейла Солтанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мемлекеттік награданы ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов табыстады.
Биыл ШҚО ПД хорының құрылғанына 15 жыл толды. Лейла Солтанованың жетекшілігімен ұжым құрылған сәттен бастап ведомстволық ансамбльден кәсіби хор деңгейіне дейін көтерілді. Оның бастамасымен хор республикалық және халықаралық конкурстардың бірнеше дүркін лауреаты мен жеңімпазы атанды.
Лейла Солтанова — Өскемен қаласының тумасы, өмірін музыка мен педагогикаға арнаған тұлға. 1992 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын «Дирижер» мамандығы бойынша тәмамдап, 2010 жылдың наурыз айында ШҚО Полиция департаментіне қызметке келді.
Ол түрлі бөлініс қызметкерлерін бір шығармашылық арнаға тоғыстырып, ұжымда бірлік пен жасампаздық атмосферасын орната білді.
Бұған дейін ол бірқатар марапатқа ие болған: «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі (2019 ж), Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгі (2024 ж), «Қазақстан полициясына 25 жыл» және «30 жыл» мерекелік медальдары.
Бүгінде Лейла Солтанова жас таланттарды тәрбиелеу және жеке құрамның вокалдық шеберлігін шыңдау бағытындағы жұмысын жалғастыруда.
Пікірлер