Бағдарлама аясында комиссияның қорытынды отырысы өтіп, қатысушылардың өтінімдері қаралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Комиссия құрамында «Amanat» партиясының өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, еңбек инспекциясы, кәсіподақтар және «Отбасы банк» АҚ өкілдері болды.
ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Рауан Тұрысбектің айтуынша, бағдарлама білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және төтенше жағдайлар қызметі салаларындағы білікті мамандарды қолдауға бағытталған.
– Бүгін өтінім қабылдау кезеңінің қорытындысы шығарылды. Бағдарламаны іске асыру алгоритміне сәйкес барлығы 82 өтінім қабылданды. Тізімдер бекітілгеннен кейін қатысушыларға «Отбасы банк» АҚ-ға жолдамалар беріледі. Төлем қабілеттілігі расталған жағдайда қатысушы 30 күн ішінде сатып алатын тұрғын үйді табуы тиіс, – деді Рауан Тұрысбек.
Ал «Amanat» партиясы облыстық филиалының өкілі Жарас Сағадиевтің сөзінше, бұл бағдарлама облыс әкімдігінің шешімімен бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
– Бағдарлама мәдениет, білім беру және медицина саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды ынталандыру мақсатында жүргізілуде. 82 өтінімнің 45-і қарастырылды. Алдағы уақытта бағдарлама өз жалғасын табады, – деді ол.
Айта кетейік, «Шығыс жұмыскер» бағдарламасы өңірде кадр тапшылығы байқалатын әлеуметтік салалардың мамандарын қолдауға бағытталған.
Пікірлер