Бекжан Рамиянов Ташкент қаласында өткен ересектер арасындағы армрестлингтен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Болашақ чемпион Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген. Қазір 23 жаста, ал оның қоржынында бірнеше ірі халықаралық жетістіктер бар.
2024 жылы Молдова мемлекетінде өткен әлем чемпионатында Бекжан бесінші орынға ие болды. Өткен жылы Өзбекстанда ұйымдастырылған жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, Үндістандағы халықаралық Pro Panja лигасына қатысты. Халықаралық аренада спортшы жоғары дайындық деңгейін, темірдей төзім мен қарсыластарымен күрестегі қайсарлығын көрсетіп келеді.
Бекжанның спорттағы алғашқы қадамдары мектеп қабырғасында оның алғашқы жаттықтырушысы Серік Ысқақовтың жетекшілігімен басталды. Ал 2023 жылдан бері спортшы армрестлингтен жеті дүркін әлем чемпионы Еркін Әлімжановтың қол астында жаттығып жүр. Алда қысқа демалыс пен жаңа жарыстарға дайындық кезеңі күтіп тұр.
Бекжан Рамияновтың бұл жеңісі - шығысқазақстандық спорттың тағы бір жарқын жетістігі әрі өңірдің жас спортшылары үшін үлгі болғаны сөзсіз.
Пікірлер