A+ A A-

talgatzhan 47 Бүгін, 10:40 0

Мұзға мән бермесе болмайды: Үй шатырынан мұз сүңгілері құласа кім кінәлі?

Бүгін / ШҚО

11 ақпан күні 76 жастағы Риддер қаласының тұрғынына көпқабатты үйдің шатырынан мұз құлап, қарт адам ауруханаға түскен болатын. Осыдан кейін ғимараттардың шатырларындағы мұз қаупі туралы жиі айтыла бастады. Шатырларда жиналған қар мен мұздың күтпеген жерден құлауы адамдардың өмірі мен денсаулығына, мүлкіне де қауіп төндіреді. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін шатырларды уақтылы тазарту, қауіпті жерлерді арнайы белгілермен қоршау және тұрғындарға ескерту шараларын жүргізу маңызды. Сонымен қатар тұрғын үйге қызмет көрсететін ұйымдардың жауапкершілігі мен тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы да үлкен рөл атқарады. Ал жазатайым оқиға болса, кінәлі тарап қалай анықталады? Мұндай жағдайда кім жауап береді және келтірілген шығын қалай өтеледі? 

Кенді қаладағы келеңсіз жайт

Аталған мәселе бұрыннан бар және тек Риддерде ғана тіркеліп отырған жоқ. Температураның ауытқуы, уақытша жылымық салдарынан шатырдағы қар мұзға айналып, қалыңдығы 20 сантимерден асып кетеді. Мұндай мұз кесегі адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Осындай жағдайлар облыста бұрын да тіркелген. Шатырлардың еңіс болуы күн сәулесінде қызып, қар мен мұз массасы төмен қарай сырғығанда ілініп қалады. Кез келген уақытта жаяу жүргіншілер жолына құлайды. Салдарынан адамдар да, мүлік те зардап шегеді. Мәселен, 7-ші ақпанда облыс орталығындағы Алматы көшесінде көпқабатты тұрғын үй шатырынан құлаған қар жеңіл көлікке зақым келтірді.

– «102» арнасына 31 жастағы қала тұрғынынан Алматы көшесі, 50 мекенжайындағы үй шатырынан «Chevrolet Cobalt» көлігіне мұз бен қар құлап, нәтижесінде көлік капоты зақымданғаны туралы хабарлама түсті. Хабарлама белгіленген тәртіпте тіркелді. Өтініш иесіне келтірілген шығынды өтеу үшін азаматтық тәртіппен сотқа жүгіну жолы түсіндірілді, – деді ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.

ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мәліметіне сенсек, Абаттандыру ережелерінің 170-ші тармағына сәйкес көппәтерлі үйлердің шатырларын қар мен мұздан тазарту міндеті қызмет көрсетуші ұйымдарға (ПИК, МИБ, ПТ) жүктеледі.

– Егер мұз немесе қар үйінділері анықталса, тұрғындар өздерінің басқарушы компаниясына өтінім беруі тиіс. Егер қызмет көрсетуші ұйым шара қолданбаса, бұл туралы уәкілетті органға хабарлау қажет. Абаттандыру қағидаларын сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген, – деп жазылған ақпаратта.

 

Әкімдіктен әрекет бар ма?

Ал егер үйде басқару нысаны болмаса, тұрғындар аумақты күтіп-ұстау және тазалау жұмыстарын өздері ұйымдастыруы тиіс. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері шатырды, қасбетті және үй маңындағы аумақты қоса алғанда ортақ мүліктің тиісті деңгейде күтіп-ұсталуын қамтамасыз етуге міндетті.

Бұдан бөлек, коммерциялық нысандардың иелерінен де сұрақтар келеді. Мысалы, шатырдан түскен қар салдарынан олардың кіреберісі зақымданса, не істеу керек?

– Коммерциялық нысандарға келтірілген шығынды өтеу мәселесіне келсек, шатырды тазалау барысында (арнайы ұйымдар немесе жалданған тұлғалар арқылы) мүлікке келтірілген зиян үшін материалдық жауапкершілік ҚР Азаматтық кодексі нормаларымен реттеледі. Келтірілген шығынды өтеу мәселесі бойынша оқиғаның мән-жайын анықтап, бағалау жүргізу үшін уәкілетті органдарға жүгіну қажет, – деді ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері.

Осы ретте шатырлардағы мұз мәселесі туралы Өскемен қаласы әкімдігі де ақпарат берді.

– Қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында тұрғын үй қатынастары бөлімі шатырлардағы мұз сүңгілері мен мұз қатпарларын бақылап, басқарушы органдар мен заңды тұлғаларға оларды жою қажеттігі туралы ескертпе хабарламалар тарату жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер үшін жолдарға уақтылы құм-тұз қоспасын себу шаралары қолға алынуда. Жағдай тұрғын үй қатынастары бөлімінің бақылауында, – делінген ресми мәліметте.

Алайда тұрғындар мәселені қала әкімдігі шешкенше күтпеуі тиіс. Шатырларды тазарту үшін жұмысшы жалдау міндеті ПИК, МИБ, ПТ сынды ұйымдарға, бизнес нысандарының иелеріне жүктеледі. Егер бұл мақсатқа қаражат қарастырылмаса, онда тұрғындардың жалпы жиналысын өткізіп, қауіпсіздік үшін арнайы қаражат жинау туралы шешім қабылдау қажет.

Егер уақтылы тазартылмаған мұз азаматтардың мүлкіне немесе денсаулығына зиян келтірсе, ПИК, болмаса МИБ төрағасын азаматтық сот өндірісі шеңберінде жауапкершілікке тартуға болады.

 

Заңгер қалай зерделеп отыр?

Заңгер Алексей Божковтың айтуынша, шатырдан түскен мұз кесектерінен зардап шеккендер сотқа жүгініп, өтемақы өндіре алады.

– Егер шатырдан құлаған мұздың мүлікке зақым келтіріп, басқарушы ұйымның әрекетсіздігі дәлелденсе, келтірілген шығын сот тәртібімен өндіріліп алынады. Мысалы, қар автокөлікке құлады делік. Көлік иесі үйге қызмет көрсететін компанияны сотқа береді. Жөндеу құны мен келтірілген шығынға сараптама жасатады. Сотта екі тарап кездеседі. Көлік иесі оның көлігіне шатырдан қар құлағанын дәлелдеуі тиіс. Дәлел ретінде куәгерлердің айғақтары, бейнежазба, полиция қызметкерлерінің хаттамасы (егер олар оқиға орнына шақырылған болса), шатырдағы қар үйіндісінің фотосуреттері және басқа да материалдар ұсынылуы мүмкін, – деді Алексей Божков.

Заңгер сөзінше, Шығыс Қазақстан облысы қалалары мен елдімекендері аумақтарын абаттандыру ережелерінде (157 және 158 тармақтар) шатырларды қардан тазарту кімнің міндеті екені нақты көрсетілген. Сондықтан егер шатырдан құлаған қар пәтер балконын зақымдап, ал пәтер иесінің басқарушы компания алдында қарызы болмаса, сараптама жүргізілген соң ол келтірілген шығынды өндіріп ала алады.

Осы ретте Өскемен қаласы әкімдігі тұрғындардан ескерту ленталары мен қоршауларға назар аударуды, қауіпті жерден өтпеуді және жеке қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері де қауіпті жағдайда не істеу керектігі жөнінде кеңес берді.

– Егер тротуармен жүріп келе жатқанда күмәнді дыбыс естісеңіз, тоқтамаңыз және жоғары қарамаңыз. Мұндайда шатырдан қар немесе мұз кесегі құлауы мүмкні. Сондықтан мүмкіндігінше тезірек қабырғаға жақындап тұру қажет, – делінген ШҚО ТЖД ақпаратында.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив