10–13 наурыз аралығында облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қылмыстардың алдын алуға және әкімшілік құқықбұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы өтуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бір күннің ішінде полиция қызметкерлері 420-дан астам құқықбұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, жеке басын куәландыратын құжатсыз тұру – 106 жағдай, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу немесе масаң күйде жүру – 67, қоғамдық орындарда тиісу – 55, түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз кәмелетке толмағандардың үйден тыс жерде болуы – 28 жағдай.
Сонымен қатар заңсыз сақталған 8 атыс қаруы тәркіленді. Оның ішінде 4-еуі иір ойықты мылтық, 4-еуі тегіс ұңғылы қару. Қатты масаң күйде болған 15 азамат уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды.
Жол қауіпсіздігі де ерекше бақылауда. Бір тәулікте 490-нан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді. Оның ішінде көлікті мас күйде басқару, қарсы жолаққа шығу, көлік жүргізу құқығынан айырылған адамдардың көлік басқаруы, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың құқықбұзушылықтары бар.
Жедел алдын алу шарасы аясындағы жұмыстар жалғасуда. Полиция өңір тұрғындарын заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.
Пікірлер