Облыстан барған жеті дәрігер Израильде өткен тағылымдамадан кейін аман-есен елге оралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Медицина қызметкерлері өңірлік денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағдарламасы аясында біліктілігін арттырып жатқан. Алайда аймақтағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты олар шұғыл түрде эвакуацияланды.
Өскемен әуежайында дәрігерлерді туған-туыстары, әріптестері мен жақындары қарсы алды. Елге оралу үшін оларға шамамен 37 сағат жол жүруге тура келген.
№4 қалалық аурухананың травматолог-ортопед дәрігері Жанболат Ғазизовтың айтуынша, қазақстандық мамандар бастапқыда «Шиба» клиникасының жанындағы қорғалған қонақүйге орналастырылған. Кейін қауіпсіз эвакуация бағыты ұйымдастырылып, алдымен автокөлікпен Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласына жеткізіліп, сол жерден ұшақпен Қазақстанға ұшып келген.
Осы уақыт бойы дәрігерлер дипломатиялық қызметтермен және медициналық мекемелердің басшылығымен тұрақты байланыста болды.
Айта кетейік, тағылымдама 20 ақпанда басталып, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға және заманауи емдеу әдістерін енгізуге бағытталған. Бағдарламаға Ана мен бала орталығының, Өскемендегі №4 қалалық аурухананың және Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының мамандары қатысқан.
Пікірлер