Өскеменде оқушылар арасында Ұлттық мектеп лигасының облыстық кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгін басталған шара наурыздың 20-на дейін жалғасады. Жарысқа облыстың әр аудан-қаласынан келген 200-ден астам оқушы қатысуда.
- Аталған лиганың мақсаты - оқушыларды спортқа баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және дарынды жастарды анықтау. Бұл жолы қатысушылар волейбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика және футзал бойынша өзара мықтыны анықтайды, - деді ұйымдастырушылар.
Ашылу салтанатында командалар қаз-қатар тізіліп, жекелей таныстырылды. «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің өнерпаздары да көпшілік көңілін көтерді. Үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова арнайы қонақ ретінде қатысты.
- Мектеп - үлкен спортқа бастар алғашқы қадам. Осындай жарыстар арқылы біз дені сау, рухы мықты ұрпақ тәрбиелей аламыз, - деді ол.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бұлбұл Қозыбаеваның сөзінше, жарыстар 11 спорт түрін қамтиды.
- Әр ауданнан жүздеген оқушы қатысып отыр. Бұл жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын маңызды шара, - деді ол.
Жалпы, Ұлттық мектеп лигасы жас спортшыларға үлкен мүмкіндік беретін алаң.
Аяулым Сағиолда
(Фотосуреттер автордікі)
Пікірлер