Қазақстанда жастардың білім деңгейі жоғары болып отыр. Бұл туралы Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаева «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстан жастары – 2026» ұлттық баяндамасы жобасының мазмұндық бөлігін талқылауға арналған сараптамалық кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
- Жастардың шамамен 70 пайызы жоғары білім алған. Сонымен қатар олардың ғылымға және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге қызығушылығы артып келеді, – деді ол.
2021 жылғы халық санағының деректеріне сәйкес, жастардың шамамен 43 пайызы магистратура, докторантура немесе постдокторантура деңгейінде білім алуға ұмтылған.
- Бұл елдің зияткерлік әлеуетін арттырып, инновациялық дамуға негіз бола алады, – деп атап өтті Сағынбаева.
Сарапшы жастардың білім алу мақсатында ірі қалаларға көшуі урбанизация қарқынына да әсер ететінін айтты.
Сондай-ақ ұлттық сарпашы-демограф Қазақстанда жастар санының артуы белгілі бір әлеуметтік сын-қатерлерді де алға шығаруы мүмкін екендігін де алға тартты.
- Жастар санының өсуі демографиялық тұрғыдан оң үрдіс болғанымен, әлеуметтік тұрақтылық мәселелерін де назарда ұстау қажет, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, жастар арасындағы эмиграцияның азаюы және көрші елдерден келетін жастар санының артуы мәдени бағдарлардың әртүрлі болуына әсер етеді.
- Мұндай жағдайда жастардың көп шоғырлануы әлеуметтік шиеленіс тәуекелдерін де күшейтуі мүмкін, – дейді Сағынбаева.
Сонымен қатар ол урбанизацияланған ортада туу деңгейі төмен болатынын және жол-көлік оқиғалары сияқты сыртқы факторлардан болатын өлім-жітім көрсеткіштері жоғары болатынын айтты.
- Жастар саясаты кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Бұл тек демография мәселесі емес, елдің ұзақ мерзімді дамуымен байланысты, – деді сарапшы.
Пікірлер