Бүгінде өңірде 1628 спорттық нысан жұмыс істейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы жоғары жетістіктер спорты және спорт резерві бөлімінің басшысы Аида Жуханова мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, қазір облыста 5 млрд теңгеге 7 спорт нысаны салынуда. Оның ішінде 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар.
- Катонқарағай, Үлкен Нарын, Бозанбай, Марқакөл, Ақжар, Күршім ауылдарында жаңа кешендердің және Өскеменде ипподромның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Өскеменде 4 млн теңгеге волейбол орталығының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 2026 жылы облыстық бюджеттен 1 000,0 млн теңге қарастырылған. Риддерде жалпы құны 981,9 млн теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде, бұл ретте 2026 жылы облыстық бюджеттен 700,0 млн теңге бөлінген, - деді Аида Жуханова.
Қаңтар айының басында Айнабұлақ ауылында спорт модулі пайдалануға берілді. Ал былтыр халықты дене шынықтыру және спортпен қамтуды арттыру мақсатында 23 спорт нысаны салынған.
- Олардың қатарында Ұлан ауданының Таврия ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені (499,6 млн теңге), Өскемендегі тау шаңғы базасы (541,6 млн теңге), Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы орталық стадионды реконструкциялау (322,5 млн теңге), Шемонаиха ауданындағы көпфункционалды спорт алаңы (2,1 млн теңге), 19 балалар футбол алаңы (300,3 млн теңге) бар, - деді басқарма өкілі.
Сонымен қатар бірқатар нысан ағымдағы жөндеуден өтті. Атап айтқанда, жеңіл атлетика манежінің жабындысы жаңартылып, Күршім аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты жөнделді. Бұдан бөлек, Өскемендегі орталық бассейннің шатыры қайта салынып, Жекпе-жек сарайының ішкі бөлмелері ретке келтірілді.
Пікірлер